Ссылки доступа

Өзбекстан Германияға ауған босқындарын эвакуациялауға көмектеседі


Өзбекстан Германия билігі дайындаған тізімде бар ауған босқындары үшін шекарасын ашуға дайын. Германияның сыртқы істер министрі Хайко Маас 30 тамызда журналистерге осылай деп мәлімдеді.

30 тамызда Хайко Маас Ташкентте Өзбекстанның сыртқы істер министрі Абдуләзіз Камиловпен кездесті.

Германия дайындаған тізімге Ауғанстаннан эвакуациялануы тиіс 10 мың адам енген. Оған Германия азаматтарынан бөлек, неміс елшілігінде жұмыс істеген жергілікті тұрғындар, адам құқықтарын қорғаушылар, журналистер енген.

17 тамызда өзбек президенті Шавкат Мирзияев пен Германия президенті Франк-Вальтер Штайнмайер телефонмен сөйлесіп, Өзбекстан неміс азаматтарын Ауғанстаннан эвакуациялау мәселесінде Германияға көмектесуге келіскен.

Кейін, 19 тамызда, Ташкент-3 әуежайы Ауғанстаннанан адам эвакуациялайтын ұшақтар үшін транзир ретінде пайдалануға берілді.

Deutsche Welle агенттігінің хабарлауынша, Германияның сыртқы істер министрі адамдарды құрлықпен эвакуациялау әлдеқайда қиын болатынын айтқан. Өйткені оларды тәліптерден қорғау керек, оның үстіне тізімдегі азаматтар жиналатын жер құпия сақталуы тиіс, әйтпесе ол жерге тізімде жоқ адамдар ағылуы мүмкін.

2015 жылғы қазанға дейін Германия өзбектің Термездегі әуежайын Ауғанстандағы операциялар үшін пайдаланған.

Бұл уақытта, Өзбекстанның сыртқы істер министрлігі Ауғанстандағы тәліптер жүйесінен қашқандар үшін шекараны ашуға дайын деген мәліметті жоққа шығарды.

"Қазір өзбек-ауған шекарасы толықтай жабық тұр, ал Термендегі бақылау-өткізу бекетінде құрлық өткелі жоқ. Өзбек-ауған шекарасының Термездегі бекетінде адам өткізетін пункт ашу жоспарда жоқ", - делінген 30 тамызда таратылған мәліметте.

XS
SM
MD
LG