Ссылки доступа

Қырғызстанда белсенді Мелис Аспековтің жүрегіне операция жасалды


Тергеу абақтысында жатқан белсенді Мелис Аспековтің жүрегіне операция жасалды. Бұл мәліметті Бішкектегі "Бикард" жеке клиникасының бас директоры Турдали Заиров растады.

Оның сөзінше, Аспековке операция төрт күн бұрын жасалған. Қазір жансақтау бөлімінен жалпы палатаға ауыстырылды.

№1 тергеу абақтысында отырған Мелис Аспеков инфаркт алып 11 тамызда ауруханаға түскен.

Азаматтық белсенділер Мелис Аспеков пен Улан Жураев "Қырғыз темір жолы" мемлекеттік компаниясы басшылығынан 250 мың доллар талап етті деген күдікпен биыл 8 қаңтарда қамауға алынған. Оған "бопсалау" бабы бойынша қылмыстық іс қозғалған.

Бішкектің Бірінші май аудандық соты 11 мамырда Улан Жураевты кінәлі деп танып, 260 мың сом айыппұл салған.

Ал 8 қаңтардан бері арнайы қызметтің тергеу абақтысында отырған Мелис Аспековке "алаяқтық" бабы бойынша екінші айып тағылған.

Аспеков 14 мамырда әлеуметтік желіде Садыр Жапаров сайлау кампаниясына экс-президент Сооронбай Жээнбековтің отбасынан 10 миллион доллар ақша алғаны туралы жазған.

Ішкі істер министрлігі Аспековтің мәлімдемесін зерттей бастаған. 38 жастағы Аспеков былтыр қазан айында билік алмасу кезінде Садыр Жапаровты жақтаған болатын.

XS
SM
MD
LG