Басқарма басшысы Жолдас Батырханның сөзінше, жарылғыш зат туралы хабарлама Ақтөбедегі №1, №2, №21, №22, №51, №56 мектептің электронды поштасына таңғы сағат жеті жарымда түскен.
- Жарылғыш зат туралы хабар бұл жолы да жалған болып шықты. Интернет-террорист әлі ұсталған жоқ. Ол ертең де хабарлама жолдайтын болса, оқу процесін үзбей, арнайы құрылымдардың нұсқаулығына сай әрекет етеміз, - деді Жолдас Батырхан.
Білім басқармасы арнайы құрылымдардың қандай нұсқау бергенін ашып айтпады. Бір белгілісі, қыркүйек айынан бастап Ақтөбедегі орта білім беретін мектептер лицензиясы бар күзет қызметінің бақылауына көшкен.
Кеше, 1 қыркүйек күні де Ақтөбедегі №2 мектептің электронды поштасына қаладағы алты мектепке (№1, №2, №21, №22, №51, №56 мектеп) жарылғыш зат қойылғаны туралы хабар түскен. Осыдан кейін хабарламада көрсетілген мектептерде алғашқы қоңырау салтанаты өтпей қалды. Кейін бұл хабарлама жалған болып шыққан.
Полиция кешелі бері интернет-террористі таба алмай жатыр. Бұл дерек бойынша Қылмыстық кодекстің 273-бабымен (Терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау) сотқа дейінгі тергеу басталған.