Ссылки доступа

13 белсендінің соты: Прокурор ҚДТ мен "Көше партиясына" шыққан сот шешімдерін көрсете алмады


Алматының Алмалы аудандық сотында "тыйым салынған ұйымды құрды" және "оның ісіне араласты" деп айыпталған 13 белсендінің соты жалғасып жатыр.

Бұған дейін судья айыпталушылар мен адвокаттардың өтінішімен прокурорға "Қазақстанның демократиялық таңдауы" (ҚДТ) мен "Көше партиясы" қозғалыстарын "экстремистик ұйым" деп тану туралы Есіл аудандық сотының шешімдерін әкелуді тапсырған еді. Алайда 7 қыркүйекте прокурор сот шешімдерін көрсете алмады. Соның салдарынан сотта тараптар біраз дауласты.

Айыпталушы Марат Құрбановтың пікірінше, ҚДТ мен "Көше партиясын" экстремистік ұйым деп тану туралу Есіл аудандық сотының шешімдері көрсетілмесе, тағылған айыптаулардың бәрі бекер. Сот пен тараптар істі қарамастан бұрын бұл үкіммен танысуы маңызды.

- Прокурор тек қорғаушылар мен айыпталушыларды емес, судьяны да құрметтеуі керек. Прокурор Есіл ауданы сотының үкімін көрсетпей, судьяның да тапсырмасын орындамай отыр, - деді адвокат Ғалым Нұрпейісов.

Ал сотқа қатысып жатқан екі прокурор шешімдерді әкеле алмауының себебін нақты түсіндіре алмады.

Судья Ернар Қасымбеков прокурорға сот үкімін келесі отырысқа алып келуді тапсырды.

Сот онлайн өтіп жатыр. 13 айыпталушының бесеуі Zoom қосымшасы арқылы 155/18 түзету мекемесінен қатысып жатыр.

Бұдан бұрын іс бойынша прокурор айыптау актісін оқыған, айыпталушылардан, тергеушіден жауап алынған. Қазір судья іске тіркелген 78 томдық іс-құжаттарды қарап жатыр.

Сот 27 шілдеде басталған. Айыпталушылардың тоғызы - "тыйым салынған ұйымның ісін ұйымдастырды және ісіне араласты", төртеуі - "тыйым салынған ұйымның ісіне араласты" деген күдікке ілінген.

13 белсендінің барлығы қоғамдық-саяси мәселелерге байланысты пікір-көзқарасын ашық айтып, акция-митингілерге қатысып жүрген азаматтар.

2020 жылы астананың Есіл аудандық соты “Көше партиясын” “экстремистік” деп танып, оның қызметіне тыйым салған. Екі жыл бұрын ҚДТ жұмысына да осындай себеппен шектеу қойған еді. Еуропарламент бұл екі ұйымды “бейбіт оппозициялық қозғалыс” деп атайды. Екі ұйым Қазақстандағы авторитарлық басқаруды тоқтатуды және парламенттік басқару жүйесіне көшуді талап етеді.

"Көше партиясы" мен ҚДТ-ға тыйым салу туралы сот шешімдері жарияланған жоқ. Қазақстандық құқық қорғаушылар билік осы екі ұйымға қатысқан деген айыппен 300-ге жуық адамды қудалауға салды деп санайды.

Биыл шілде айында халықаралық Human Rights Watch (HRW) құқық қорғау ұйымы Нұр-Сұлтанды белсенділерді қудаламауға және саяси оппозициялық қозғалыстарды "экстремизм" үшін айыптамай, еркін жұмыс істеуіне мүмкіндік беруге шақырған еді.

XS
SM
MD
LG