Ссылки доступа

Тәжікстан президенті аймақта терроризм қаупі күшейгеніне алаңдайды


Душанбеде 7 қыркүйекте таңертең Тәжікстан тәуелсіздігінің 30 жылдығы құрметіне арналған әскери шеру өтті.

Ресми мәлімет бойынша, шеруге құқық қорғау органдарының қызметкерлері мен жауынгерлер қатысқан. 30 мың адам қатысқан парад Душанбе көшелерінде өтті.

Президент Эмомали Рахмон шеруге қатысушыларды Тәуелсіздік күнімен құттықтады. Ол "террористік, экстремистік және радикал қозғалыстар мен ұйымдардың белсенділігі артуына байланысты аймақ пен әлемде қалыптасқан жағдай бүкіл адамзатты алаңдатып отыр" деп мәлімдеді.

Президент Рахмон аймақта терроризм қаупі күшейді деп тәліптер Ауғанстанды басып алған уақытта айтып отыр. Алайда мемлекет басшысы Ауғанстан сөзін қолданбады.

Еске салайық, 25 тамызда Эмомали Рахмон Пәкістанның сыртқы істер министрі Шах Махмұд Курейшимен кездесуде "Тәжікстан бүкіл ауған халқының, соның ішінде аз ұлттардың, әсіресе тәжіктердің мүддесін ескермейтін, оларды езгіге салатын ауған үкіметін ешқашан мойындамайды" деп мәлімдеген.

Тәжікстан 9 қыркүйекте тәуелсіздіктің 30 жылдығын атап өтеді.

XS
SM
MD
LG