Ссылки доступа

Сот Жетібайдағы мұнайшылар ереуілін заңсыз деп таныды


Маңғыстау облысының Қарақия аудандық соты West Oil Software компаниясы жұмысшыларының ереуілін заңсыз деп таныды. Бұл туралы 7 қыркүйекте облыстық сот хабарлады. Тамыз айының аяғында аталған компания жұмысшылары жалақыны өсіріп, еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, ереуілге шыққан еді.

Сотқа ереуілді заңсыз деп тану туралы өтінішті жұмыс беруші тарап түсірген.

"Ереуілдің ҚР Еңбек кодексінің талаптарын сақтамай өткізілуіне байланысты және дауды қараудың сотқа дейінгі тәртібі сақталмағандықтан, жұмыс берушінің талабы қанағаттандырылды" делінген облыстық сот хабарламасында.

Соттың мәліметінше, ереуілге жұмысшылардың жалақыны өсіру және ұжымдық шарт жасасу туралы талаптары түрткі болған. Осыған дейін жұмысшылар жұмыс берушіге татуластыру комиссиясын құру және еңбек келісім шартын жасақтау туралы жазбаша талаппен жүгініп, биыл маусымда ұжымдық келіссөз жүргізу комиссиясы құрылған.

"Алайда, жұмысшылар өкілінің жұмысшылардың атынан өкілдік етуге құзыретін растайтын құжаттары мен ҚР Еңбек Кодексінің 164-бабы 2 бөлігіне сай, кворумның қатысқанын растайтын құжаттарды тапсырмағандықтан, жұмысшылардың талабын қанағаттандырудан бас тартылған. Осылайша аталған дау татуласу комиссиясы мен еңбек төрелігінде қаралмаған" делінген сот хабарламасында.

Сот шешімі әлі күшіне енбеген.

Тамыз айының соңында Маңғыстау облысының Жетібай кентінде жүздеген жұмысшы жалақыны арттыруды және еңбек жағдайын жақсартуды талап етіп, ереуілге шыққан болатын. Олар сонымен бірге жұмыс берушіден өздері құрған тәуелсіз кәсіподақтың жұмысына араласпауды да сұраған.

Бұған дейін жергілікті прокуратура, еңбек инспекциясы өкілдері мен компания басшылығы ереуілшілермен кездескен. Бірақ тараптар келісімге келе алмаған.

Қазір ереуілдің тоқтағаны-тоқтамағаны белгісіз. 7 қыркүйекте Азаттық тілшісі West Oil Software жұмысшыларына хабарласа алмады.

"West Oil Software" "Қазмұнайгаз" ұлттық компаниясының еншілес мекемесі "Ойл Транспорт Корпорейшэн" компаниясына көлік-техникалық қызметтер көрсетеді. "Маңғыстаумұнайгаздың" Маңғыстау облысы Қарақия ауданы аумағындағы Жетібай кен орындарындағы ұңғымаларды тазалайды.

XS
SM
MD
LG