Ссылки доступа

Түркіменстанда оқушылар "қауіпсіздік стикері" үшін ақша жинайды


Ашғабаттағы мектептерде әлеуметтік қашықтық сақтауды ескертетін "қауіпсіздік стикерлері" үшін оқушылардан ақша жинап жатыр. Бұл туралы Азаттық радиосының түркімен қызметі хабарлады.

Басылым мәліметі бойынша, оқушылар стикерден бөлек президент суретіне де ақша жинауға мәжбүр. Мектептегі сыныптарда Түркіменстан басшысы Гурбангұлы Бердымұхамедовтің суретін ауыстыру үшін әрбір оқушы 50 манат (шамамен $14) төлейді.

"Ұлым жаңа ғана сабақтан келді. Сынып жетекшісі әрбір оқушыдан 50 манат өткізуді талап еткен. Ақша президент суретін ауыстыруға, вирусқа қарсы заттар сатып алуға қажет", – дейді Ашғабаттағы ата-аналардың бірі. Оның айтуынша, жиналған ақшаға директор кеңсесіне дезинфекция спрейі де сатып алынады.

Сыныптарда оқушылар әлеуметтік қашықтық талаптарына сай орналасады. Ол үшін парталарға қауіпсіздік стикерлері жапсырылады. Стикерлерді де оқушылардың ақшасына сатып алады. Ол үшін оқушы қосымша 5 манат (шамамен $1,5) өткізуі тиіс.

Түркімен билігі елде коронавирус барын әлі мойындаған жоқ. Тәуелсіз басылымдар пандемия кезінде коронавирустан көп адам қайтыс болғанын жазып жатыр.

Дегенмен Түркіменстанда қатаң шектеу шаралары қолға алынған, адамдар медициналық маска тағып жүруі тиіс. Билік бұны Арал теңізі жақтан келетін "зиянды шаңнан" сақтану деп түсіндірген.

Түркіменстанда коронавирус бар-жоғын анықтайтын зерттеуден өтуге болады, бірақ COVID-19 бар екені туралы анықтаманы ешкімге бермейді.

XS
SM
MD
LG