Ссылки доступа

Душанбеде жаңа туған баланы ауған батырының құрметіне Масуд деп атады


Ахмад Шах Масуд
Ахмад Шах Масуд

Душанбеде жаңа туған баланы Ауғанстан батыры Ахмад Шах Масуд пен оны ұлының құрметіне Масуд деп атады. "Панжшер арыстаны" атанған Ахмад Шах Масуд совет әскерлерімен, кейін тәліптермен күрескен. Ол 2001 жылғы 9 қыркүйекте "Әл Каида" ұйымдастырған шабуыл кезінде қаза тапты.

Кішкентай Масуд Тәжікстан халқы Ауғанстандағы жағдайды, соның ішінде Панжшер шатқалындағы ұрысты жіті бақылап отырған уақытта дүние есігін ашты. Панжшер шатқалында тәліптерге қарсы майданды әйгілі дала командирі Ахмад Шах Масудтың ұлы Ахмад Масуд басқарады.

Мавзуна Хайдарова 7 қыркүйекте астанадағы "Истиклол" медицина орталығында босанды. "Жұрттың бәрі Ауғанстан, Ахмад Масуд туралы айтып жүрген уақытта ұлым дүние есігін ашты. Ауғанстанда Ахмад Масуд жақтастарының жеңісінен соң бейбітшілік пен тыныштық орнасын деген ырыммен біз оны Масуд деп атадық", дейді Мавзуна Хайдарова.

Әйгілі дала командирін өлтіріп кеткен уақытта оның ұлы Ахмад Масуд 12 жаста еді. Ахмад Масуд тәліптермен соңына дейін соғысатынын мәлімдеді. Оның әкесі тәліптерді "ислам фашистері" деп атаған.

Биыл 15 тамызда "Талибан" радикал қозғалыстың содырлары Кабулға кіріп, Ауғанстанды толықтай бақылауға алғанын жариялады. Бір аптадан соң, 22 тамызда тәдіптер Ахмад Масудтан Панжшерді беруін талап етті. Тәліптерге қарсылық майданының жетекшісі талапты орындаудан бас тартты. Шатқалда ұрыс басталды. 6 қыркүйекте тәліптер Панжшер провинциясын бақылауға алғанын мәлімдеді. Ұлттық қарсылық майданындағылар "Талибанмен" ұрысты доғармағанын хабарлады.

Әлеуметтік желілердің тәжік сегментінде Ахмад Масуд бастаған қарсылық майданы қызу талқыланып жатыр.

Ахмат Масудтың әкесі Тәжікстан басшылығының зор құрметіне бөленген. 2 қыркүйекте Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Ауғанстанның ұлттық батыры марқұм Ахмад Шах Масудты бірінші дәрежелі Исмоили Сомони орденімен марапаттаған.

XS
SM
MD
LG