Ссылки доступа

Ауғанстан Душанбеде өтетін ШЫҰ-ның мерекелік саммитіне қатыспайды (видео)


Ауғанстан делегациясы Шанхай ынтымақтастық ұйымының (ШЫҰ) Душанбеде өтетін мерекелік саммитіне қатыспайды. Бұл жөнінде ТАСС агенттігі Ресей президентінің ШЫҰ істері бойынша арнайы өкілі Бахтиер Хакимовке сілтеме жасап хабарлады.

"ШЫҰ саммиті осы ұйымға төрағалық етіп жатқан мемлекетте өтеді. Ауғанстан ұйымға бақылаушы болғандықтан, кезінде шақыру бұл өлкенің бұрынғы басшыларына жолданған. Қазір ШЫҰ-ға мүше елдер Кабулде әлем мойындаған заңды үкімет құрылмайынша, оның өкілдерін шақыруға негіз жоқ деген шешім қабылдады. Сондықтан Ауғанстан Душанбеде өтетін саммитке қатыспайды",- деді Хакимов.

ШЫҰ-ның мерекелік саммиті 16-17 қыркүйекте Душанбеде өтеді. Онда сонымен бірге Ұжымдық қауіпсіздік шарт ұйымына мүше елдердің өкілдері де бас қосады. Күн тәртібінде Ауғанстандағы жағдай талқыланады.

ШЫҰ-ға биыл 20 жыл толады. Шараға Үндістан премьер-министрі Нарендра Моди (онлайн), Қазақстан президенті Қасым-жомарт Тоқаев, Қырғызстан президенті Садыр Жапаров, Қытай төрағасы Си Цзиньпин (онлайн), Пәкістан премьер-министрі Имран Хан, Ресей президенті Владимир Путин, Өзбекстан президенті Шавкат Мирзияев қатысады. Тәжікстанға бірінші рет Иран президенті Ибрахим Раиси барады. Түркіменстан президенті Гурбангулы Бердымухамедов жиынға құрметті қонақ ретінде қатысады.

Бір күн бұрын Беларусь Қауіпсіздік кеңесінің бас хатшысы Александр Вольфович "СБ. Беларусь сегодня" газетіне ҰҚШҰ әскері Тәжікстанға жайғасуы мүмкін екенін айтқан. Ол оның себебін Ауғанстандағы жағдаймен түсіндірген.

XS
SM
MD
LG