Ссылки доступа

Қырғызстанда Айзада Қанатбекованы ұрлауға қатысқандар сотталды


Бішкектегі 1-май ауданының сотында Айзада Қанатбекованы ұрлау, өлтіру қылмысына қатысты іс бойынша сот аяқталды. Сотталушының бесеуі де сотталды.

Жергілікті ақпарат құралдарының хабарлауынша, Замирбек Раманкулов пен Токон уулу Кубаныч 6 жыл 6 ай бас бостандығынан айрылды; Рысбай уулу Ажикабыл, Орузбек Нурумбетов пен Сыймык Молдосариев 7 жылға сотталды.

Сонымен бірге сот олардан 100 мың сомды (шамамен 1200 доллар) Қанатбекова отбасына өндіріп беру туралы шешім шығарды.

Марқұмның әпкесі Назгүл Қанатбекова сот үкіміне көңілі толатынын журналистерге хабарлады. "Мен олар соттың осындай жазасына лайық дер едім. Айтқан өтірігі үшін Құдай алдында әлі жауап береді", - деді ол.

Биыл сәуір айында Қырғызстанда Айзада Қанатбекованы ұрлап, одан соң өлтіріп кетті. Бұл оқиға қоғам наразылығын туғызды. 5 сәуірде таңертең Бішкек қаласасында белгісіз біреулер 26 жастағы қызды ұрлаған. Оны күшпен көлікке отырғызып, белгісіз бір жаққа алып кеткен. Қыздың денесі 7 сәуірде астана шетінде қалған көліктен табылды. Милиция мәліметі бойынша, қызды күдіктінің жейдесімен тұншықтырып өлтірген. Қызды ұрлаған деген күдікті Замирбек Теңізбаевтың өлі денесі де осы көлік салонынан табылған.

Осы оқиғадан соң тұрғындар қылмыскерлерді жауапқа тартуды талап етті. 8 сәуірде Бішкек пен Ош қалаларында "зорлыққа қарсы" акция өтті. Олар ішкі істер министрі Ұлан Ниязбековтің қызметтен кетуін де талап етті.

Қыздың өліміне қатысты іс күдікті Замир Теңізбаевтың өліміне байланысты тоқтатылды. Қызды ұрлау қылмысына қатысты істі 1-май ауданының соты қарады.

XS
SM
MD
LG