Ссылки доступа

ҰҚК Шыңжаң зерттеушісін Қазақстанға кіргізбеу себебін түсіндіруден бас тартты


Евгений Бунин
Евгений Бунин

Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитеті Шыңжаңдағы қуғын-сүргін құрбандарының базасын әзірлеген ерікті Евгений Бунинді елге кіргізбеу себебін түсіндіруден бас тартты.

Бұл туралы 14 қыркүйекте Vlast сайты хабарлады. Бір жарым апта бұрын Нұр-Сұлтанның Евгений Бунинге 5 жылға дейін Қазақстанға кіруіне тыйым салғаны белгілі болған.

"АҚШ азаматы Евгений Буниннің Қазақстанға кіруіне тыйым салу себебіне қатысты айтарымыз, бұл ақпараттың шектеулі сипаты бар және "БАҚ туралы заңның" 18-1 бабы 2-бөлімі 3-тармағына сәйкес, жарияланбауы мүмкін" делінген ҰҚК-ның Vlast сайтына берген ресми жауабында.

Тегі орыс АҚШ азаматы 36 жастағы Евгений Бунин 4 қыркүйек күні Бішкектен Алматыға ұшып келгенде, Қазақстан кеден қызметі оны елге кіргізбей, депортациялаған. Кеден қызметі оның Қазақстанға кіруіне бес жылға тыйым салынғанын мәлімдеген.

Бұған дейін ҰҚК ақпаратты соттан білу қажеттігін айтқан. Ал Жоғарғы сот Буниннің елге кіруіне тыйым салынғаны жөнінде сот шешімін таба алмаған.

9 қыркүйекте халықаралық Human Rights Watch адам құқығын қорғау ұйымы Нұр-Сұлтанды Евгений Бунинге елге кіруіне мүмкіндік беруге шақырды.

Халықаралық қауымдастық Қытай билігі Шыңжаң өлкесіндегі мұсылман халықтарға қысым көрсетіп отыр дейді. Пекин Шыңжаңдағы қазақ, ұйғыр секілді діні ислам түркі халықтарын жаппай лагерьге қамап, оларды мәжбүрлі еңбекке салған, әйелдерге ұрықсыздандыру отасын жасаған деп айыпталып отыр. 2018 жылы БҰҰ Шыңжаң лагерлерінде бір миллионнан астам адам отыр деп мәлімдеген. Қытай бұл айыптарды жоққа шығарады, лагерьлерді "кәсіп баулу орталықтары" деп атайды.

XS
SM
MD
LG