Ссылки доступа

Өзбек арнайы қызметінің екінші мәрте сотталған экс-полковнигінің туыстары президенттен араша сұрады


Өзбекстан мемлекеттік қауіпсіздік қызметі Қашқадария облысы басқармасының бұрынғы басшысы Ибрагим Дехканбаев жеті жыл түрмеде отырып, биыл сәуірде бостандыққа шыққан, бірақ оны тағы түрмеге отырғызды.

Экс-полковник қазір Ташкент облысы Зәңгіата ауданындағы колонияда отыр. Туыстарының айтуынша, оған хат жазуға және телефон соғуға тыйым салынған. Колонияда Дехканбаевты қара жұмысқа салған, дейді экс-полковниктің туыстары.

Ибрагим Дехканбаевтың әйелі Малохат күйеуін жалған айыптармен соттады деп есептейді. Ол президент Шавкат Мирзияевтан араша сұрады.

2014 жылы өзбек арнайы қызметінің бұрынғы полковнигі Ибрагим Дехканбаев Қашқадария облыстық басқармасының қызметкерлеріне қатысты шулы қылмыстық істе басты күдікті болған.

16 жылға сотталған Дехканбаев биыл сәуірде уақытынан бұрын түрмеден шыққан, алайда үш айдан соң оны қайтадан қамады.

Полковник Ибрагим Дехканбаев 22 жыл бойы арнайы қызметтің Ташкент, Жизақ және Қашқадария облысыстарындағы басқармаларын басқарған.

Сәуірде бостандыққа шыққан соң ол президент Шавкат Мирзияевқа видеоүндеу жолдап, онда "ескі жүйенің құрбаны" болғанын айтқан, мемлекет басшысына бостандық бергені үшін алғыс білдірген.

Сонымен бірге, ол колонияда азапталғанын мәлімдеген.

Бұрынғы полковниктің туыстарының айтуынша, осы үндеуден соң Дехканбаев қысым күшейген.

5 шілдеде Ибрагим Дехканбаевты Ташкенттегі жазаны орындау басқармасы шақыртып, сол жерден оны колонияға жіберген.

Бұрынғы полковниктің туыстары Дехканбаевты бұл жолы өмірлік түрме жазасына кескен болуы мүмкін деп алаңдап отыр. Өйткені олар екінші түрме жазасы туралы ешқандай құжат алмаған.

XS
SM
MD
LG