Ссылки доступа

Түркіменстандағы азаматтық қоғам ДДСҰ-дан түркімен билігіне COVID-19 эпидемиясын мойындауға ықпал етуін сұрады


Түркіменстанның азаматтық қоғамы Дүниежүлізік денсаулық сақтау ұйымынан түркімен билігіне COVID-19 эпидемиясын мойындауға ықпал етуін сұрады.

Хат авторлары Түркіменстан үкіметі "әлі күнге дейін елде COVID-19 барын мойындамай, вирустың кең таралғаны мен өлім көп екенін жасырып отыр" деп жазды. Азаматтық қоғам өкілдерінің мәліметінше, елдегі ауруханалар науқасқа толы, халықтың стационарда емделуге қаражаты жоқ.

"COVID-19 белгілері болған, коронавирус салдарынан қайтыс болған бірнеше адамды білеміз. COVID-19-дан қайтыс болғандар одан көп екеніне сенімдіміз, алайда өлім коронавирустан болғанын дәлелдеу мүмкін емес, өйткені марқұмның туыстары мен дәрігерлер ақпарат беруден қорқады", - делінген ДДСҰ-ға жолданған үндеуде.

"Түркіменстан билігінің COVID-19 пандемиясын мойындамауы, ақпарат алуға, оны таратуға тыйым салуы азаматтардың қауіпті сезіндеуіне алып келді", деп есептейді хат авторлары. Сол себепті олар Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымынан түркімен билігінен елде COVID-19 барын мойындауды талап етуін сұрады.

Азаттық радиосының түркімен қызметі - Азатлык тілшісінің хабарлауынша, Ашғабаттағы ауруханаларда орын жоқ, коронавирус белгілері бар науқастардың көбін ауруханаға жатқызудан бас тартып жатыр. Бұны редакцияға жолданған суреттен де көруге болады. Онда Ниязов ауруханасына жиналып қалған жүздеген адам бейнеленген. Сонымен бірге, биыл елдің түрлі облыстарында бірнеше елді мекен оқшауланды. Қазір Дашоғыз уәлаятындағы Ниязов этрапы карантинге жабық тұр.

21 қыркүйекте Түркіменстан президенті Гурбангұлы Бердымұхамедов комада жатыр деген ақпарат тарады. Алайда республиканың Мәскеудегі елшілігі мәліметті жоққа шығарды.

Түркімен билігі елде коронавирус жоқ деуден танбай келеді. Дегенмен тәуелсіз басылымдар COVID-19 елде баяғыда тіркелгенін, жұқпалы вирустан көп адам қайтыс болғанын хабарлап отыр.

XS
SM
MD
LG