Ссылки доступа

Тәжікстан ауған босқындарына арналған лагерь тұрғызады


Тәжікстан, Еуропа одағының көмегімен, Шамсиддин Шохин ауданындағы Хирманджо мекенінде ауған босқындарына арналған лагерь тұрғызады. Тәжікстанның бұл аймағы ауған шекарасына жақын орналасқан.

Шамсиддин Шохин ауданы әкімдігіндегі дереккөздің 21 қыркүйекте Озоди радиосына хабарлауынша, ауданда Хирманджодан бөлек тағы екі мекен таңдалған.

"Еуроодақ елшісі босқындарға арналған лагерь салынатын орындарды көреді. Содан кейін лагерь нақты қай жерде салынатыны мәлім болады. Қазір осындай екі-үш орын бар", - деді дереккөз.

Хатлон облысының төрағасы жазғы баспасөз конференциясында Жайхун ауданында ауған босқындарына арналған лагерь халықаралық ұйымдардың көмегімен салынатынын хабарлаған.

Бұның алдында Еуропа одағы Тәжікстандағы ауған босқындарына көмектесу үшін 160 мың евро бөлетінін мәлімдеген. Ұйым таратқан ақпаратта Хатлон облысы мен Таулы Бадахшан автономиялы облысына 5 мың ауған азаматы қоныстанды делінген.

Тәліптер Ауғанстанның солтүстік аймақтарына шабуылдаған уақытта мыңдаған ауған босқыны көрші елдерге, соның ішінде Тәжікстанға қашуға мәжбүр болды.

XS
SM
MD
LG