Ссылки доступа

Ақтөбеде полиция Назарбаевқа санкция талап еткен құқық қорғаушыны ұстап әкетті


Құқық қорғаушы Әлима Әбдірова Ақтөбе облыстық әкімдігінің алдында бір адамдық пикет өткізіп тұр. Ақтөбе, 11 мамыр 2021.

22 қыркүйекте Ақтөбе қаласында рұқсат етілген бір адамдық пикетке шыққан құқық қорғаушы Әлима Әбдірова мен Ольга Климонованы полиция ұстап әкетті. Бұл туралы Азаттыққа Әлима Әбдірова телефонмен хабарлады. Оның сөзінше, полицейлер Климонованы пикетті видеоға түсіріп тұрғанда ұстаған.

- Бізді Зауыт полиция бөліміне әкетіп барады. Мен рұқсат етілген пикет екенін айтып, қорғанбақ болғанмын. Қала әкімінің қаулысын да көрсеттім. Сөзіме ешкім құлақ аспады. Полиция қызметкерлері сағат 12-ге таман көлікке күштеп салып әкетті. Бір инспектор "погонымды жұлып алдың" деп жала жауып отыр, - деді Азаттыққа полиция көлігінде кетіп бара жатып хабарласқан Әлима Әбдірова.

Әбдірова 21-23 қыркүйекке әкімдіктен бір адамдық пикет ұйымдастыруға рұқсат алған. 21 қыркүйектегі пикетте ол Еуропа одағынан президенттіктен кетсе де билікке ықпалын сақтап қалған экс-президент Нұрсұлтан Назарбаевқа санкция салуды сұраған. Ал 22 қыркүйектегі пикет кезінде оны полиция ұстап әкетті.

Ақтөбе қалалық ішкі саясат бөлімі бір адамдық пикет өткізу үшін Әбдіроваға рұқсат берілгенін растады. Бірақ құқық қорғаушының ұсталғанынан бейхабар. Ақтөбе әкімдігінің қызметкерлері Азаттыққа "бүгінгі пикеттің кезекшілігі облыстық ішкі саясат бөлімінде" деп жауап берді. Ал Ақтөбе облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Айбек Көпенов құқық қорғаушы Әбдірованың ұсталғанын растады.

- Әлима Әбдірова тақырыптан ауытқып кеткендіктен 21-22 қыркүйекте ескерту жасалды. Бірақ құлақ аспағандықтан полиция шара қолданған, - деді Айбек Көпенов.

Әбдірова Азаттыққа кеше, 21 қыркүйекте берген сұқбатында облыс әкімдігінен "хабарлама форматын бұздың" деп хабарласқанын, өзін кез келген уақытта полиция ұстап әкетуі мүмкін екенін айтқан еді. Ол "хабарлама форматын бұздым", "тақырыптан ауытқыдым" деп санамайды.

Айтуынша, қала әкімдігіне жолдаған хабарламада пикет мақсатын "Қазақстанда адам құқықтарының бұзылуы, санкция талап ету" деп қысқаша көрсеткен. Ал пикетке алып шыққан плакатына "Соттар мен Назарбаевқа санкция салуды талап етемін" деп бірінші президенттің фамилиясын жазған. - Адам құқығы бұзылған жағдайда санкция лауазымды тұлғаға салынатыны айдан анық. Біздің жағдайды елді отыз жылға жуық басқарған Назарбаевқа санкция салу керектігі айтпаса да түсінікті емес пе? – дейді Әбдірова.

Әбдірова 16-18 қыркүйекте де рұқсат етілген пикет өткізіп, Еуроодақтан Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа санкция салуды сұраған еді.

Әбдірованың пикеттерін видео-фотоға түсіріп жүрген құқық қорғаушы Ольга Климонова Азаттыққа әкімдіктен бір адамдық пикетке рұқсат ала алмай жүргенін айтқан.

- Жаз бойы пикет өткізетінімді хабарлап, қала әкімдігіне жүз шақты хат жолдадым. Пикетке рұқсат бермей қойды. Өйткені, соңғы рет рұқсат етілген пикетке шыққанымда қолымда "Шал, кет!" деген жазуы бар плакат болды. Осыдан кейін әкімдіктен ылғи бір сарынды жауап алып жүрмін. Яғни, менің Қазақстан азаматы ретінде бейбіт митингіге шығуға құқығым жоқ, - деген еді Ольга Климонова.

Ақтөбелік құқық қорғаушылар Әлима Әбдірова мен Ольга Климонова бұған дейінгі пикеттерінде де Еуропа одағынан Назарбаевқа санкция салуды талап еткен. Былтыр қыркүйекте олар Ақтөбедегі қала әкімдігіне барып, "құқық қорғаушылар мен олардың отбасы мүшелеріне жүйелі түрде қысым жасайтын" билікке наразылық білдірген.

XS
SM
MD
LG