Ссылки доступа

"Талибан": Қырғызстан делегациясы Кабулға барып, тәліп үкіметі өкілімен кездесті


Қырғыз Республикасы қауіпсіздік кеңесі төрағасының орынбасары Таалатбек Масадықов Кабулға барып, онда Ауғанстандағы "Талибан" үкіметінде сыртқы істер министрінің міндетін атқаратын Әмір Хан Муттақимен кездесті.

Бұл жөнінде "Талибанның" бірде-бір ел мойындамаған үкіметінің баспасөз хатшысы Забихулла Мужахид әлеуметтік желідегі парақшасында мәлімдеді. Жаңалықты Қырғызстанның "АКИпресс" агенттігі де таратты.

Кездесуге Қырғызстан президент әкімшілігі сыртқы саясат бөлімінің басшысы Жээнбек Кулубаев қатысқан.

Қырғызстанның ресми орындары бұл туралы ештеңе айтпады.

Муттақи делегаттарды "қарсы алып, [өздеріне] қолдау көрсеткені үшін алғыс білдірді. Сондай-ақ ол ынтымақтастық пен өзара көмекті жалғастыру қажетін баса айтты" делінген Мужахид хабарламасында. Кездесудің басты тақырыбы – "екіжақты қарым-қатынас және ынтымақтастық жалғастыру" болған.

"Талибан" өкілі кездесу кезінде түсірілген фотоларды да жариялады.

Орталық Азия елдерінен алғаш болып Қырғызстан Ауғанстанда билікті басып алған "Талибан" үкіметімен кездесуге жоғары деңгейдегі делегация жіберді.

Биыл 15 тамызда "Талибан" радикал діни тобының әскері Ауғанстанның заңды сайланған үкіметін орнынан тайдырып, билікті басып алған. Ел президенті Ашраф Ғани шұғыл түрде шетелге қашып кеткен. Содан бері "Талибан" құрып жатқан үкіметпен қарым-қатынас мәселесі көп елді әрі-сәрі күйге түсірді. АҚШ Ауғанстанның өз еліндегі қаржы көздерін бұғаттады.

Тәліптер инклюзив үкімет құрамыз дегенімен, кейін жарияланған тізімде осы діни топтың өкілдері ғана болған. Үкімет құрамында бірде-бір әйел жоқ. Елде гендерлік дискриминация, адам құқықтарын бұзу, сөз бостандығын шектеу фактілері көп тіркеліп жатыр. Батыс елдері 1996-2001 жылдары билік құрып, елде адам құқықтарын бұзып, керітартпа заңдарды енгізумен танылған бұл ұйымды "сөзіне емес, ісіне қарап бағалаймыз" деген.

XS
SM
MD
LG