Ссылки доступа

"Құмтөр" ісі: Қырғыз соты лауазымы жоғары шенеуніктерді тағы екі ай қамауда қалдырды


Бішкектегі 1-май ауданының соты экс-премьер-министр Жоомарт Оторбаевтың, сонымен бірге парламент депутаттары Асылбек Жээнбеков пен Торобай Зулпукаровтың қамаудағы мерзімін 30 қарашаға дейін созды. Олар Ұлттық қауіпсіздік мемлекеттік комитетінің тергеу изоляторында отырады.

Экс-президент Сооронбай Жээнбековтің бауыры Асылбек Жээнбеков 31 мамырда Торобай Зулпукаровпен бірге "Құмтөр" ісіне қатысты күдікпен ұсталды. Сот әуелі шенеуніктерді 31 шілдеге дейін қамауда ұстау туралы шешім шығарды, кейін сот қамау мерзімін 30 қыркүйекке дейін созды.

Жоомарт Оторбаев 16 қыркүйекте ұсталды. Ол да "Құмтөр" ісіне қатысты күдіктілер қатарына қосылды.

Бұның алдында арнайы қызмет экс-премьер-министр Омурбек Бабановты (кейін шетелде емделу үшін босатылды), депутаттар Талантбек Узакбаевты, Исхак Пирматовты, бұрынғы президент Алмазбек Атамбаевтың парламенттегі өкілі Данияр Нарымбаевты, экс-депутат Алмазбек Баатырбековті ұстаған. Үкіметтің парламенттегі бұрынғы өкілі Динара Молдошева ешқайда кетпеу туралы қолхатпен босатылған. Сонымен бірге бұрынғы біріншівице-премьер-министр Тайырбек Сарпашев пен бұрынғы премьер-министр Темир Сариев ұсталған.

Тергеумен келісімге отырған экс-депутаттар Алмазбек Баатырбеков, Талантбек Узакбаев, Исхак Пирматов, сонымен бірге бұрынғы бірінші вице-премьер-министр Тайырбек Сарпашев босатылды.

Экс-президент Сооронбай Жээнбеков екі мәрте тергелді.

XS
SM
MD
LG