Ссылки доступа

Алматыда шеру өткізетін көшелерді үш есеге қысқартпақ


Алматыда шеру өткізетін көшелерді жергілікті полицияның өтініші бойынша үш есеге дейін қысқартпақ. Бұл жөнінде Алматы мәслихатының жобасына көрсетілген.

Алматы мәслихатының 2020 жылғы 23 маусымдағы шешімінің 2-тармағы, 4-тармақшасына сәйкес төменгі бағыттар қысқартылмақ:

"Тоқаш Бокин көшесінен Қонаев көшесінің Шевченко көшесімен қиылысына дейін, әрі қарай Шевченко көшесінен Шоқан Уәлиханов ескерткішіне дейін (1 000 адамнан артық жиналмауы керек)".

Қазіргі қолданыстағы құжатта "Шоқан Уәлиханов ескерткішінен Шевченко көшесі бойымен Махатма Ганди саябағына дейін" деп көрсетілген. Бұл бағыттардың қашықтығы - 4,4 шақырым.

Егер мәслихат өзгерістерді қабылдаса, шеру өткізетін бағыттар 1,5 шақырымға дейін, яғни үш есеге қысқартылмақ. Заң жобасы 7 қазанға дейін қоғамдық талқылауға шығарылды.

Қазақстандағы Адам құқықтары жөніндегі халықаралық бюроның директоры Евгений Жовтис бұл өзгерістерді "бейбіт жиын өткізуге адамның құқықтары бар екенін еш түсінбеу" деп атады.

- Адамдар нақты бағыттар бойынша басқа жол болмағандықтан жүрмейді. Сол арқылы қоғамға, билікке талаптарын жеткізгісі келеді. Сол себептен шерулерді билік органдары орналасқан ғимараттар жанында не талап етуші мекеме жанында өткізеді, - деді Жовтис.

Сол себептен ол шерулер орталық көшелерде өткені дұрыс деп есептейді.

- Ал қазір бейбіт жиынға пародия ғана жасалынып жатыр. Осыған дейін төрт шақырым жүресіңдер десе, енді 1,5 шақырым жерге ғана рұқсат етіп жатыр. Мүмкін бір орында айналып тұру керек шығар? Мүмкін осыны шеру деп айту керек шығар?, - дейді Жовтис.

Қазақстанда 2020 жылдың маусым айында "Бейбіт жиындар жөнінде" жаңа заң қабылданған. Билік бұл заңды демократиялық деп мәлімдеген. Бірақ сарапшылар заңда кез-келген шеру, акция өткізу үшін жергілікті биліктің рұқсаты керек екені жазылғанын айтады. Ал ел Конституциясында бейбіт жиын өткізуге құқық берілген. Қазақстанда рұқсат етілмеген митингке шыққан азаматтар жиі жазаланып, айыппұл төлеп жатады.

XS
SM
MD
LG