Ссылки доступа

Германияда сайлауда жеңген партиялар үкімет құрамын жасақтау үшін келіссөздерді бастады


Социал- демократтар, Жасылдар және Христиан- демократиялық партиялардың лидерлері
Социал- демократтар, Жасылдар және Христиан- демократиялық партиялардың лидерлері

Германияда сайлау нәтижесі шыққаннан кейін басым дауыс алған партиялардың лидерлері жаңа үкімет құрамын жасақтау үшін келіссөздерді бастады.

Канцлер қызметіне үміткер болып жатқан Социал-демократтар партиясының (SPD) лидері Олаф Шольц, Христиан-демократиялык партиясы және Баварияның Христиан-социал одағының альянсы (CDU/CSU) өкілі Армин Лашет жаңа үкіметті "Жасылдар" және Еркін демократиялық партияның қатысуымен құруға ниетті екенін жеткізді. Шольцтың оппозицияға кет деп үндегеніне қарамастан, Христиан-демократиялық одағының лидері Армин Лашет канцлер қызметі үшін күрестен бас тартпайтынын мәлімдеді.

Сайлауда ең көп дауысты Социал-демократтар партиясы алды. Оған сайлаушылардың 25,7 пайыз дауыс берді. Енді оларға Бундестагтағы 735 мандаттың 206-сы бұйырмақ.

Осыған дейін Бундестагта басым күшке ие болып келген Христиан-демократиялық партия мен Христиан-социал одағының альянсы 24,1 пайыз дауыспен екінші орын алды. Бұл – альянс тарихындағы ең төменгі көрсеткіш. Қазіргі Германия үкіметін осы екі партия құрап отыр. Бірақ осы сайлаудан кейін бәрі өзгеруі мүмкін.

Партиялардың ешқайсысы басым дауыс алмаған соң, коалиция құрылады. Үкіметтің кімнің басқаратыны партиялардың өзара қалай келісетініне байланысты. Сарапшылар екі ықтимал коалицияны атап отыр. Олардың бірі – Социал-демократтар партиясы, Жасылдар партиясы және Еркін демократтар партиясы. Екіншісі – Христиан-демократиялық партия мен Христиан-социал одағының альянсы, Жасылдар партиясы және Еркін демократтар партиясы. Социал-демократтар партиясының лидері Олаф Шольцтің канцлер болуға деген мүмкіндігі жоғары деп бағаланып отыр.

Германия үкіметін 16 жыл басқарған Ангела Меркель 2018 жылдың өзінде-ақ бесінші мерзімге таласпайтынын мәлімдеген. 67 жастағы саясаткер сайлау учаскесіне бармай, дауысын пошта арқылы берді. Ол жаңа үкімет құрылғанша канцлер қызметін атқара тұрады. Жаңа коалицияның құрылуы бірнеше айға ұласуы ықтимал.

XS
SM
MD
LG