Ссылки доступа

Құқық қорғаушы Чупик Өзбекстанға депортацияланса, "абақтыда өлтірілуім" мүмкін деп қауіптенеді (видео)


Валентина Чупик

25 қыркүйектен бері Мәскеудің Шереметьево әуежайындағы иммиграциялық уақытша ұстау мекемесінде отырған құқық қорғаушы Валентина Чупик Өзбекстанға депортацияланса, тергеу абақтысында өлтірілуі мүмкін екенін айтады.

Мәскеудегі мигранттардың құқығын қорғаған "Әлем таңы" ұйымына жетекшілік еткен Чупик бұл пікірін 27 қыркүйекте "Настоящее Время" телеканалының тілшісіне білдірді.

Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметінің өкілдері 17 қыркүйекте оның босқын мәртебесінен айырылғанын, Ресейге кіруге 30 жылға тыйым салынғанын мәлімдеген.

"Маған берілген құжаттарда мен [2006-жылы] босқын мәртебесін алу үшін жалған мәлімет және жалған құжаттар тапсырғам екем. Бірақ бұл ақылға сыймайтын дүние", - деді Чупик.

Ол өзінің ұсталуына орталық азиялық мигранттардың құқығын қорғауы және Ресейдің миграция мекемелері мен полицияны коррупциямен айыптап келгенім себеп болуы мүмкін дейді.

"Егер мені Өзбекстанға жөнелтетін болса, мені Ұлттық қауіпсіздік қызметінің жертөлесінде өлтіріп қоюы мүмкін", - дейді құқық қорғаушы.

Валентина Чупик өткен сенбіде Армениядан Мәскеуге ұшып келген кезде ұсталған. Ол Өзбекстан азаматы болғандықтан, Ресейде босқын мәртебесімен тұратын.

Құқық қорғаушы Өзбекстаннан 2006 жылы қашып кеткен.

XS
SM
MD
LG