Ссылки доступа

Халықаралық қаржы ұйымдары Алматы әуежайын жөндеу үшін жүздеген миллион доллар қаражат бөледі


Еуропа қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы (IFC), Германияның DEG инвестициялық корпорациясы және Еуразия даму банкі Алматы әуежайына жаңа халықаралық терминал салуға жүздеген миллион доллар қаржы бөледі.

Бұл туралы Халықаралық қаржы корпорациясының баспасөз қызметіне сүйенген жергілікті БАҚ хабарлады.

Қаржы былтыр әуежайды сатып алған түріктің TAV Airports жетекшілік ететін консорциумға беріледі.

Еуразия даму банкінің хабарлауынша, қазір қаржыландыру шарттары жайлы келісімге қол қойылған. Инвестициялық бағдарламаның жалпы құны 780 млн долларды құрайды.

Қазақстандағы ең ірі әуежай – Алматы әуежайының негізгі жолаушылар терминалы 2004 жылы мемлекет қаржысына салынған. 1999 жылы әуежайдың ескі ғимараты өртеніп кеткеннен кейін құрылыс басталған еді.

Індет ушыққан 2020 жылы әуежай 3,6 млн жолаушыны тасымалдап, жылды табысты аяқтаған. 2019 жылы Алматы әуежайы 6,4 млн жолаушыға қызмет көрсеткен. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 13 пайызға көп.

2021 жылы сәуір айында түріктің TAV Airports холдингінің Қазақстандағы ең ірі әуежайды сатып алғаны белгілі болған.

Қазақстан қор биржасының дерегі бойынша, 2021 жылдың 1 сәуіріндегі мәліметке сәйкес, Алматы әуежайының жүз пайыз акциясы Нидерландыда тіркелген Venus Airport Investments B.V компаниясына тиесілі. Жергілікті Forbes басылымының жазуынша, бұл компанияның ақырғы иесі – сингапурлық Steppe Capital Pte. Ltd компаниясы. Оның бақылау пакетіне Нұрсұлтан Назарбаевтың күйеу баласы Тимур Құлыбаев иелік еткен.

XS
SM
MD
LG