Ссылки доступа

Тәжікстанда білім қызметкерлері кәсіподағы басшысын сайлау жанжалмен өтті


Білім және ғылым министрінің орынбасары кәсіподақтың жаңа төрағасын "келісіммен" сайлауды ұсынған, алайда сайлау жиналысының депутаттары бұл ұсыныспен келіспеген.

Кәсіподақтар мемлекеттік билік органдарынан, жұмыс берушіден, саяси партиялар мен басқа да ұйымдардан тәуелсіз. Оның негізгі мақсаттарының бірі - жұмысшылардың құқықтары мен мүдделерін қорғау.

32 жастағы Зульхия Нозакзода, білім мен ғылым қызметкерлері кәсіподағы төрағасына кандидат, сайлау жиналысына кәсіподақ өкілдерінің үштен екісі жиналғанын, жиналысты кейінге қалдыру қажет еместігін мәлімдеген. Залдағылардың көбі бұл ұсынысты қолдаған.

"Бізді бір министр және кәсіподақтың бір төрағасы бар", - деп бастаған министрі орынбасары Нұрәлі Собирзода жиналысты кейінге қалдыру туралы ұсыныс тастауға оқталған. Бірақ ол ұсынысының қолдау таппайтынын түсініп, жиналысқа бес минут үзіліс жасауын сұраған, алайда жиналысқа қатысушылар оның бұл ұсынысын да қабылдамады.

Собирзода сайлау процесін үзуге талпынып, "кандидаттар министрмен де, басқа да кәсіподақ құрылымдарымен де келісілмеген" деп мәлімдеді. Бірақ оның сөзін сайлау жиналысының бір мүшесі үзіп жіберді: "Кешіріңіз, кандидаттарды сайлау жиналысының депутаттары ұсынады".

Министрлік өкілі залдан шығып кеткен, бірақ біраз уақыттан соң қайта оралған.

Жиналысқа Қазақстан, Өзбекстан және Египет кәсіподақтарының өкілдері де қатысқан. "Бізде білім және ғылым министрлігі немесе басқа да шенеунік кәсіподақ жұмысына араласпайды. Жарғыда кәсіподақ тәуелсіз екені, ол мемлекетке тәуелді еместігі айтылған", - деді Қазақстан білім және ғылым жұмысшылары кәсіподағының басшысы Айгүл Мұқашева.

Ашық дауыс беру нәтижесінде 72 депутат Нозакзоданы қолдады. Осылайша, ол Тәжікстан білім және ғылым жұмысшылары кәсіподағының төрайымы болып сайланды.

XS
SM
MD
LG