Ссылки доступа

Қырғыз президенті Құмтөр бойынша пікір білдірді


Қырғызстан президенті Садыр Жапаров Facebook парақшасы арқылы мәлімдеме жасап, Құмтөр алтын кеніне қатысты Женевадағы келіссөздер және LBMA ұйымының "Қырғызалтынның" алтынын сатып алудан бас тартқаны бойынша пікірін білдірді.

Қырғыз президенті Женевада Құмтөр кені бойынша келіссөз "Центерра" компаниясының ұсынысы бойынша өткенін, оған Қырғызстаннан төрт адам қатысқанын, толық мәлімет олар келгеннен кейін белгілі болатынын жариялады.

Садыр Жапаров сонымен біргеи "Қырғызалтын" компаниясының алтынынан бас тартқан LBMA компаниясына қатысты да пікірін жеткізді.

"Алтындарымызды сата алмайтын болдық деп ашуланып жатқан азаматтарға айтарым, еш қам жемеңіздер. Алтын жерде қалмайды. Сатып алам деп кезекте тұрғандар жетеді", - деді президент.

Президент Құмтөр бойынша халықаралық соттан ұтылып қалған күнде де Қырғызстан еш ұтылмайтынын, ол үшін басты халықтың қолдауы екенін айтты:

"Жарайды, әлемдік мафияның тәсіліне салып, бізді ұтып алды дейік. Не болады? Құмтөрді көшіріп әкете ме? Жоқ, тау біздікі, кен біздікі, алтын біздікі, ел біздігі ғой. Халық қолдаса болды, алтынды қазып аламыз, қаза береміз. Бізді ешкім тоқтата алмайды".

Канадалық "Центерра Голд" компаниясы басқарып келген Құмтөр алтын кеніне биыл мамыр айында Қырғызстан уақытша сыртқы бақылау енгізген. Содан бері өлкедегі ең ірі алтын кенін қырғыз билігі өзі басқарып келеді.

Құмтөр кенінің ісін зерттеген мемлекеттік комиссия "Центерра Голд" Қырғызстанға салық және экологиялық санкция түрінде 4 млрд 252 млн доллар төлеу керек деген шешім шығарған.

XS
SM
MD
LG