Ссылки доступа

Guardian: Назарбаевты мақтап кітап жазған Джонатан Айткен Қазақстан үкіметінен ақы алған


Ұлыбритания саясаткері Джонатан Айткен 2009 жылы Қазақстанның экс-президенті Нұрсұлтан Назарбаевты мадақтайтын кітап шығарғаны үшін 166 мың фунт стерлинг (қазіргі бағаммен 96 млн теңге) алған. Бұл туралы офшордағы құпия келісімдерді әшкерелейтін "Пандора құжаттарында" айтылады.

Британиялық Guardian басылымының жазуынша, Айткенге ақыны Қазақстан үкіметіне жұмыс істейтін пиар-компания құпия түрде төлеген.

"2010 жылғы сәуірде Джонатан Айткен Вашингтонға ұшты. Өтірік айтқаны үшін қамалған экс-консерватор депутат және министр АҚШ-та өзінің кейінгі кітабының презентациясын өткізді. Ол кітап Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевты мадақтайтын биография болатын. "Биографтар ант суын ішкен суретшілер ғой" деді ол жиналған сенаторлар мен дипломаттардың алдында. "Олар суретті үлкен кенепке салғанды жақсы көреді. Менде Назарбаевтың өмірінен асқан драмаға толы, қарқыны күшті мұндай кенеп болған емес" деп қосты" деп сипаттайды британиялық басылым Конгресс кітапханасындағы сол шараны.

"Пандора құжаттарында" Айткеннің Назарбаев туралы кітап үшін 166 мың фунт стерлинг алғанын көрсеткен. Ақша Гонконг пен Британияның Виргиния аралдары арқылы айналып, экс-министрдің Aitken Consultancy & Research Services Limited деген компаниясына түскен.

Бұдан бөлек, Айткен Қазақстаннан АҚШ турына да ақша алған. WorldPR дейтін компания саясаткердің Ақ үйден екі квартал жерде орналасқан Capital Hilton қонақүйіндегі үш түні үшін 1527 фунт стерлинг (қазіргі бағаммен 880 мың теңге), Конгресс кітапханасына презентация үшін 6996 доллар (қазіргі бағам бойынша, шамамен 3 миллион теңге) төлеген. Тур кезінде Айткен Қазақстан елшілігінің шақыруымен Нью-Йорктегі Гарвард клубында сөз сөйлеген.

Кітап "Назарбаев және Қазақстанның жаратылуы: коммунизмнен капитализмге қарай" (Nazarbayev and the Making of Kazakhstan: From Communism to Capitalism) деп аталған.

Кітаптың алғы сөзінде автор Қазақстан сыртқы істер министрлігіне Астана (Нұр-Сұлтанның 2019 жылға дейінгі атауы) мен Алматыдағы қонақ үй шығындарын көтергені үшін алғыс айтады. Осыдан кейін Reuters агенттігіне Қазақстан үкіметінен өзге ақша алмағанын мәлімдейді. Бірақ "Пандора құжаттары" мұны жоққа шығарып отыр деп жазады Guardian.

Өз кітабында британ саясаткері Назарбаевты Совет кезінен қалған ядролық қарудан бас тартып, сәтті экономика құрған танымал лидер деп мадақтайды. Бірақ Guardian газеті сол кезде де осы кітапқа мақала арнап, ол туралы "бұл кітап көрікті етіп жасалған алдау, тіпті бұл кітап әлемде осы жылы жазылған агиографиялар ішіндегі ең озаты деген баға алуға да лайық" деп жазды.

Тәуелсіз басылымдардың көбі бұл кітапты сынға алып, Назарбаевтың өзге пікірді қабылдай алмайтын автократ лидер ретінде сипаттаған.

"Бір қызығы, Айткеннің саяси мансабы 1996 жылы-ақ сәтсіз аяқталған деп жазады" Guardian. Газет сол жылдары Айткеннің қымбат қонақүйде жатып, оның шығынын Сауд Арабия королінің ұлына төлеткенін жазғанда саясаткер басылымды сотқа тартып, сотта жалған айғақ берген, сол үшін жеті ай түрмеде отырып шыққан.

Ашық ақпараттарға қарағанда, 1942 жылы туған Айткен мансабын журналист ретінде бастап, кейін саясатқа ойысқан. 1974-1992 жылдары парламент мүшесі, 1992-1994 жылдары қорғаныс саласындағы сатып алулар министрі болған. Осыдан соң бір жылдай қаржы вице-министрі қызметін атқарған.

Санаулы жылдан соң Айткен Назарбаев туралы екінші кітабын жазды. 2012 жылы ақпанда ол "Қазақстан: тәуелсіз 20 жылдан кейінгі таңғажайыптар мен стереотиптер" атты кітабының тұсауын кесті. Бұл жолы ол Назарбаевтың тек Қазақстандағы рөлімен шектелмей, Орталық Азияны қамтиды.

XS
SM
MD
LG