Ссылки доступа

Азаматтық форум өтіп жатқан тұста белсенділер саяси қудалау мәселесін айналып өтпеуге шақырды


6 қазанда Алматыда ЕО өкілдері қатысқан Азаматтық форум өтті. Бірақ оған елдегі кейбір танымал құқық қорғаушылар қатыспады. Жиын өтіп жатқан тұста кейбір белсенділер ЕО-ны Қазақстандағы саяси қудалау мәселесін көтеруге шақырды.

Жиынға таңертең барған Азаттық тілшісі форум бағдарламасына азаматтардың саяси құқығы мәселесі енгізілмегенін аңғарды.

Құқық қорғаушы Евгений Жовтис 6 қазанда таңертең Азаттық тілшісіне "өзінің форумға шақырылғанын, бірақ онда азаматтық құқық пен бостандық мәселесі талқыланбайтынын, офлайн жиынға қатысушылар саны шектелгенін" айтты.

Жиын бағдарламасына саяси құқық мәселесі енгізілмеуінің себебін сұраған кезде Еуроодақтың Адам құқығы жөніндегі арнайы өкілі Имон Гилмор былай деді.

"Саяси мәселелер, саяси құқық, саяси қатысу әрдайым адам құқығына арналған форумдарымыздың ажырамас бөлігі. Оған қатысушылар не айтқысы келсе, соны айта алады. Біз сөз еркіндігі принципіне сенеміз және бұл форум бұған дейін ұйымдастырылған барлық форумдардың моделіне бағынады".

Алматыда Азаматтық форум аралас форматта өтіп жатқан тұста бір топ белсенді Еуропарламент депутаттарына видеомәлімдеме жасады.

"Қазақстандағы барлық саяси тұтқындарды босатуды талап етеміз! 2021 жылдың 11 ақпан күнгі Еуропарламент резолюциясының толықтай орындалуын талап етеміз. Еуроодақты адам құқығын бұзған шенеуніктерге демократияны тұншықтырғаны үшін санкция салуға шақырамыз" деді белсенділердің бірі видеода.

Олар ЕО-ны Қазақстандағы жоғары лауазымды шенеуніктерге, атап айтқанда елдің бұрынғы президенті Нұрсұлтан Назарбаев, ҰҚК төрағасы Кәрім Мәсімов, бас прокурор Ғизат Нұрдәулетовке санкция салуға үндеген. Бір күн бұрын да белсенділер осы талаптарын астана мен Алматыда айтқан.

Сейсенбі күні ЕО өкілдері астанада президент Қасым-Жомарт Тоқаевпен кездесіп, елдегі реформа, адам құқығы мәселесін талқылаған. Бірақ кездесуде белсенділер көтеріп жүрген саяси құқық, қудалау мәселесінің айтылғаны-айтылмағаны белгісіз.

Қазір Алматыда құқық қорғаушылар саяси іс деп таныған "13 белсендінің ісі" жүріп жатыр. Наразылар ЕО өкілдерін солардың ісіне назар аударуға да шақырған.

  • Халықаралық құқық қорғау ұйымдары Қазақстанды адам құқығының жағдайына байланысты жиі сынайды. Биыл ақпанда Еуропарламент басым көпшілік дауыспен Қазақстандағы адам құқықтары жөнінде қарар қабылдаған. Қарарда елдегі азаматтық қоғам аясының тарылуын, адам құқықтарының бұзылуы, сайлаудағы әділетсіздік, түрмедегі азаптау, белсенділерді қудалау сияқты адам құқығын бұзу фактілері айтылған. Бұл қарарды жергілікті сарапшылар мен құқық қорғаушылар "кейінгі жылдардағы ең обьективті құжат" деп атаса, билік "теріс ұстанымдағы саясаткерлер ұсынған" деген.
  • Қазақстанның адам құқығы және заңдылықты сақтау бюросы 23 қыркүйекте таратқан елдегі саяси қуғын-сүргін туралы мәлімдемесінде Алматыда өтіп жатқан 13 белсендінің сотын "оппозиция жақтастарын саяси қудалау науқанының шарықтау шегі" деп атаған.
XS
SM
MD
LG