Ссылки доступа

Өзбекстанда апелляциялық сот журналист Ганиевті босатпады


Фото Бобура Ганиева, распространившееся в сети
Фото Бобура Ганиева, распространившееся в сети

6 қазанда Ташкент қаласының соты блогер Бобур Ганиевтің ісіне қатысты Үштепе ауданының соты шығарған үкімді күшінде қалдырды. Бұл туралы қалалық сот хабарлады.

1 қазанда Үштепе ауданының қылмыстық істер жөніндегі соты Taftish.uz басылымының журналистері Бобур Ганиев пен Аброр Кузибаевты, сонымен бірге олардың танысы Обид Салимовты 15 тәулікке қамау туралы шешім шығарған.

Сот оларды ішкі істер органдарының қызметкерлерін балағаттады, олардың заңды талаптарын орындамады, сонымен бірге оларға қарсылық көрсетті деп таныған.

​Бобур Ганиевке 5400000 сум ($500), ал Аброр Козубаевқа 270 000 сум ($25) айыппұл салынды.

Екі журналист 30 қыркүйекте ішкі істер органдарының Ташкент қаласының Фарход көшесінде жүргізген арнайы рейдінен соң жауапқа тартылған.

Милиция қызметкерлері 28 жастағы журналист Аброр Козубаевтың автокөлігін тоқтатқан. Көлікте оның әріптесі Бобур Ғаниев пен танысы Обид Салимов болған.

Сот шешімінде Ғаниев пен Салимов милиция қызметкерлерінің әрекетін телефонға түсіре бастағаны, сосын Ғаниев "ішкі істер органдары қызметкерлеріне қарсылық көрсетіп, оларды балағаттағаны" айтылған.

Милиция қызметкерлері үшеуін Үштепе ауданының ішкі істер бөліміне жеткізген.

Жазаға тартылған журналистер милиция қызметкерлерін балағаттады, оларға қарсылық көрсетті дегенді жоққа шығарды. Әріптестері журналистерді сыни мақалалары үшін қолдан жасалған айыптармен қудалады деп есептейді.

XS
SM
MD
LG