Ссылки доступа

Балаева: HOLA News порталын Цифрлық даму министрлігі жапқан жоқ


Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі HOLA News порталының бұғатталуына байланысты Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сауал жолдады. Бұл жөнінде Orda.kz сайты хабарлады. Hola News порталының бұғатталғанына 8 қазанда үш күн болды.

"[Ақпарат және қоғамдық даму] министрлігі [ресурстың ашылмау] себебін анықтау үшін Цифрлық даму, инновация және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігіне сауал жолдады. Алдын ала ақпарат бойынша, ресурсты Цифрлық даму министрлігі жаппаған" деді Балаева жергілікті агенттікке.

Оның айтуынша, Цифрлық даму министрлігі Қазақстан заңнамасын бұзбаған БАҚ жұмысына кедергі келтірмеу позициясын ұстанады.

Балаева министрлік порталдың жабылу себебін әрі қарай да анықтауға тырысады деді.

Бір күн бұрын "Әділ сөз" баспасөз қорғау ұйымы ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаевадан қолында бар өкілетті пайдаланып, HOLA News порталының жабылу себебін дереу анықтауға шақырған.

"Қолда бар өкілетіңізді пайдаланып, осындай сорақы оқиғаны зерттеп, HOLA News порталының үздіксіз жұмыс істеуін қалпына келтіруіңізді және қоғамға сөз бостандығы нормаларын бұзу себебін хабарлауыңызды сұраймыз" деді қор өкілдері.

Редакция бір күн бұрын таратқан мәлімдемесінде порталға DPI-шабуыл жасалған болуы мүмкін деп болжаған. Олардың айтуынша, сайт сервері Қазақстан аумағында орналасқандықтан қазақстандықтармен бірге шетел оқырмандары да сайтқа кіре алмай отыр.

XS
SM
MD
LG