Ссылки доступа

Үйлерді сүруге қарсы наразы топтың алғашқы легі Оштан Бішкекке жаяу жетті


Қырғызстанда Қара-Сууй ауданындағы Дыйкан-Кыштак ауылының үйлерді сүруге қарсы тұрғындары Бішкекке жетті. Олар Ош облысынан астанаға жаяу келді.

Марш өкілдерінің хабарлауынша, 11 қазанда олар Үкімет үйіне барып, президенттің қоғамдық қабылдауында болған.

Ош облысы Қара-Сууй ауданының төрт тұрғыны Бішкекке 11 күн жүріп келді. Олар мәселелелерін билікке жеткізіп қана қоймай, ауданның бұрынғы әкімі Тілек Матраимовты жауапқа тартуды талап етіп отыр.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, 2018 жылы Қара-Сууй ауданында жерлер қайта бөлініп, олардың учаскелері "Ихлас" құрылыс компаниясына заңсыз берілген. Сол кезде ауданды Матраимов басқарған. Енді тұрғындардың үйлерін сүргелі жатыр.

Тілек Матраимов Қара-Сууй ауданын сегіз жыл басқарды. 2020 жылғы қарашада ол Өзбекстан шекарасын заңсыз кесіп өтпек болғаны үшін ұсталып, қызметтен алынды. Кейін оған шекараны бұзғаны үшін 220 мың сом (1.5 мың доллар) айыппұл салынған.

Матраимов пен оның адвокаттары ауыл тұрғындары көтерген мәселеге қатысты әзірге пікір білдірмеді. Аудан билігі үйлерді сүру туралы шешім заңды деп отыр.

XS
SM
MD
LG