Ссылки доступа

Астанада сот "Демпартияның" төрт белсендісіне айыппұл салды, екеуі қамауда


12 қазанда Нұр-Сұлтан қаласының әкімшілік соты тіркелмеген "Қазақстанның демократиялық партиясының" төрт белсендісіне әрқайсысына 5 айлық есептік көрсеткіш (14,5 мың теңге немесе 34 доллар) көлемінде айыппұл салды.

Бұл жөнінде белсенді Инга Иманбай хабарлады. Оның айтуынша, партия өкілдеріне "Ұсақ бұзақылық" (434-бап) бабы бойынша айып тағылған.

Тағы екі белсендінің соты 13 қазанда өтеді.

– Әйгерім Тілеужан мен Аружан Дүйсебаеваның соты бүгін болады депті. Олар қазір қамауда, – деді Инга Иманбай Азаттық тілшісіне.

Сот кабинетінде әзірге сот қаулылары жарияланбаған.

12 қазанда "Демпартияның" бірнеше белсендісі Нұр-Сұлтандағы Ұлттық банк ғимаратына барып, несие амнистиясын талап еткен еді. Белсенді Әйгерім Тілеужанның айтуынша, наразылар билікке бірнеше талап қойған:

  • коллекторлық компанияларда тіркелген проблемалық несиелерді кешіру;
  • жеке тұлғалардың банкротқа ұшырауы жөнінде заң қабылдау;
  • белсенділер жинаған 100 мың өтінішті қарап, мәселелерін шешу;
  • өкілетін асыра пайдаланған коллекторлық компаниялар мен сот орындаушыларын жауапқа тартуды қарастыратын заң қабылдау;
  • шағын несиелік компаниялардың пайыз санауы, өсімпұл қосуын мемлекеттің реттеп, қадағалауы.

Белсенділер Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаевтың шығуын талап еткен, банк төрағасы шықпайынша сол маңда қонып, аштық ұстайтынын айтқан. Бірақ кешке қарай полицияның оларды ұстап әкеткені белгілі болды.

XS
SM
MD
LG