Ақпаратқа қарағанда, Қазақстанда ревакцинация қарашаның соңында басталады. Коронавирусқа қарсы қосымша доза (бір доза ғана) екпенің қос дозасын алғаннан соң 6-9 ай өткеннен кейін салынады.
Министрлік дерегінше, республикада ақпан мен мамыр аралығында шамамен 600 мың адам коронавирусқа қарсы екпе салдырған. Вакцина бірінші кезекте осы азаматтарға салынады.
Ревакцинациядан өтуі тиіс топтар:
- Медицина қызметкерлері, педагогтар, күштік құрылым өкілдері, жергілікті өзін-өзі басқару және жабық мекеме қызметкерлері;
- 60-тан асқандар;
- Коронавирусқа қарсы антиденесі қалыптаспаған азаматтар;
- Коронавирусқа қарсы вакцинаның екі дозасын алса да, коронавирусқа шалдыққандар;
Министрлік жұрт алғаш салдырған коронавирусқа қарсы вакцина түрін таңдамауға кеңес берді. Тактикаға сәйкес:
- Осыған дейін векторлық вакцина (Спутник) салдырғандар 9 айдан кейін инактивті (Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) немесе Pfizer сияқты РНК-вакцина әдісімен әзірленген вакцина салуы тиіс;
- Ал инактивті екпе алғандар алты айдан соң векторлы (Спутник) немесе Pfizer сияқты РНК-вакцина әдісімен әзірленген екпені салдыра алады;
- Ал РНК-вакцина әдісімен әзірленген екпесі бар адамдар алты айдан соң вакцинаның қалған түрлерін (Спутник, Sinopharm, CoronaVac, Hayat-Vax, QazCovid-in) салдыра алады.
Facebook'та қолданушылардың сұрақтарына жауап берген министр Алексей Цой:
"Бір вакцинаны қайта салдыруға тыйым салынбаған. Бірақ әртүрлі өндіріс әдісімен әзірленген республикада тіркелген басқа вакцина пайдалануға кеңес беріледі. Коронавируспен күрес жөніндегі ведомствоаралық комиссия шешімді түбегейлі түрде бекітеді" деп жазды министр.