Ссылки доступа

“Human Rights Watch”: Өзбекстанда оппоненттер президент сайлауына қатысу құқығынан айырылды


Хьюман Райтс Вотч (HRW) ұйымы Өзбекстанда биліктің оппоненттері президент сайлауына қатысу құқығынан айырылғанын айтып, БАҚ-тың еркіндігі шектелгенін мәлімдеді.

Халықаралық құқық қорғау ұйымының 13 қазанда жариялаған мәлімдемесінде бұл шектеулер президент Шавкат Мирзияев жүргізіп отырған "реформалар шеңберінен" хабар беретіні айтылған.

"Өзбекстан реформаларды жүзеге асырумен халықаралық қауымдастықты өзіне бұра алды. Бірақ адам құқықтарының бұзылуы және сайлауда қандай да бір оппозицияның не тәуелсіз үміткерлердің жоқтығы шектеу барын көрсетеді”, - деді Human Rights Watch ұйымының Еуропа және Орталық Азия бойынша директоры Хью Уильямсон.

Өзбекстанның қазіргі президенті Шавкат Мирзияев осыған дейін дауыс беру процесі халықаралық демократиялық талаптарға сәйкес жүретінін мәлімдеген. Өзбек билігі оппозиция өкілдері сайлауға қатыстырылмағанын, халық таза таңдау мүмкіндігінен айырылғаны туралы сын-пікірлерді теріске шығарып келеді.

Өзбекстанда президент сайлауы 24 қазанда өтеді. Бес үміткердің арасында қазіргі президент Шавкат Мирзияев та бар.

XS
SM
MD
LG