Ссылки доступа

Адам құқығына байланысты жиі сыналатын Қазақстан БҰҰ кеңесіне мүше болды


14 қазанда БҰҰ Бас ассамблеясында Адам құқықтары жөніндегі кеңестің 18 мүшесі сайланды. Олардың арасында Қазақстан да бар. Қазақстан кеңеске адам құқығына байланысты жиі сыналып жатқан шақта мүше болып отыр.

Кеңеске кіру үшін кемінде 97 дауыс керек. Ақпаратқа қарағанда, Қазақстан кандидатурасын Бас ассамблеяның 184 делегациясы қолдаған.

Қазақстан сыртқы істер министрлігінің 15 қазанда таратқан хабарламасында "Еліміздің дүниежүзілік ұйымның бас құқық қорғау органына сайлануы оның Адам құқықтары мен бостандықтарын қорғау саласындағы халықаралық нормалар мен стандарттарды ілгерілету процесіне белсенді және жауапты қатысушы ретіндегі рөлін мойындау болып табылады" деп жазылған.

"Қазақстан Кеңестегі жұмысының басым бағыттары гендерлік теңдікті ілгерілету және әйелдердің құқықтары мен мүмкіндіктерін кеңейту, өлім жазасын жаппай жою, төзбеушіліктің барлық нысандарына қарсы күрес, дін мен сенім бостандығы, инклюзивті және жалпыға бірдей білім беруді қамтамасыз ету, сондай-ақ COVID-19 пандемиясы жағдайында адам құқықтарын құрметтеу болады" делінген хабарламада.

Қазақстан БҰҰ Адам құқықтары жөнінде кеңесіне адам құқығына байланысты жиі сыналып жатқан шақта мүше болып отыр. Бірнеше күн бұрын халықаралық Human Rights Watch ұйымы кандидаттар арасында кеңеске мүше болуға лайықтысы аз екенін айтып, Қазақстандағы жағдайды да сынаған.

"Қазақстан үкіметі адам құқығы мәселесін күн тәртібіне енгізіп, көңіл бөліп келе жатқанын айтқанмен елде сөз бостандығы, бейбіт жиналу құқығы шектеледі, тәуелсіз кәсіподақ құру мүмкіндігі де аз" делінген ұйым мәлімдемесінде.

Қазақстан билігі кейінгі кезде бірнеше "саяси тұтқынды" босатқанмен құқық қорғаушылар елде саяси қудалаудың жалғасып жатқанына алаңдап отыр. Осы аптада "саяси қудалау кампаниясының апогейі" деп танылған іс бойынша 13 белсендіге үкім шықты. "Экстремистік ұйымның ісіне араласты" деп айыпталған 13 адамның төртеуі түрме жазасына кесілді. Құқық қорғаушылар олардың азаматтық белсенділігі үшін жазаланғанын айтады.

Қазір елде адам құқығына қатысы бар шенеуніктерге санкция салу мәселесі жиі көтеріліп келеді. Жақында Еуропарламент депутаты Ружа Тун Брюссельде қазақстандық депутаттармен кездесу кезінде Қазақстандағы саяси қудалау мәселесін көтерген.

Адам құқықтары жөніндегі кеңес – БҰҰ-ға қарасты үкіметаралық орган. Оған 47 мемлекет мүше. Кеңес құзыретіне адам құқығы саласына қатысты барлық мәселені талқылау кіреді.

XS
SM
MD
LG