Ссылки доступа

"Назарбаевтың тоқалы" туралы жаңалық HOLA News'дан өшірілді, редакторы мен негізін қалаушылар кететінін мәлімдеді


Pandora Papers зерттеуінде Нұрсұлтан Назарбаевтың бейресми әйелі ретінде аталатын Әсел Құрманбаева.

Қазақстандық HOLA News интернет-басылымының негізін қалаушылар Әлішер Қайдаров, Әділет Тұрсынбек және бас редактор Зарина Ахматова жобадан кететінін мәлімдеді. Бұл жөнінде хабарлама 15 қазанда порталда жарияланды. Оның алдында бір күн бұрын редакция порталдың бұғаттан босатылғанын айтқан.

"10 күн бұғаттаудан кейін негізгі принциптерімізден бас тартуға тура келді. Жаңалықты сайттан өшірдік" делінген хабарламада.

HOLA News порталы бұрынғы президент Нұрсұлтан Назарбаевтың "тоқалына" қатысы бар делінген офшорлық келісімдер жайлы жаңалықты өшірген. Осы айда Жемқорлық пен ұйымдасқан қылмысты зерттеу орталығы (OCCRP) жариялаған зерттеуде Назарбаевқа жақын адамдардың Әсел Құрманбаеваға ақша аударғаны жөнінде айтылған.

OCCRP бұл келісімге Назарбаевтың сенімді серіктері саналған олигархтар Владимир Ни мен Владимир Кимнің қатысы бар дейді. Зерттеушілердің жазуынша, Құрманбаева ақшаны 2010 жылы Владимир Нидің өлімінен екі ай өткенде алған. Ақша Нидің қызына өткен компаниядан түскен, ал Владимир Ким төлемнің куәсі болған.

HOLA News порталындағы өшірілген жаңалыққа өтсеңіз, "Мұнда тақырып болған", "Мұнда сурет болған", "Мұнда мәтін болған" деген жазулары бар бос парақша пайда болады.

Pandora Papers жөнінде жазған қазақстандық ақпарат құралдарының басым бөлігі зерттеудің Қазақстан туралы бөлігін айналып өтті, тек шетел саясаткерлер мен кәсіпкерлердің офшордағы есепшоты мен келісімдері туралы айтты.

HOLA News жобасынан кеткендер және редактор "жұмысты жаңа команда жалғастырады" деп мәлімдеді.

Халықаралық Freedom House ұйымының интернет еркіндігі туралы есебінде Қазақстан "интернеті еркін емес" елдер қатарына енген. Қыркүйекте жарияланған есепте Қазақстан үкіметі интернетті шектеп, контентті өшірту үшін түрлі техникалық емес амалдар қолданады, кейде "тікелей қысым да жасайды" деп жазылған.

“Шекарасыз тілшілер" ұйымының Дүниежүзілік сөз бостандығы рейтингінде Қазақстан 180 елдің арасында 155-орында тұр және "сөз бостандығы ахуалы қиын" елдер қатарында.

XS
SM
MD
LG