Ссылки доступа

Қазақстан делегациясы Ауғанстанға гуманитарлық көмек беруге уәде беріп, тәліптермен суретке түсті


Президенттің халықаралық ынтымақтастық жөніндегі арнаулы өкілі Ержан Қазыханов бастаған Қазақстан делегациясы Ауғанстанға ресми сапармен барды. Бұл туралы жексенбіде Ақорда ресми ақпарат жариялады.

Ақорда баспасөз қызметінің ресми хабарына қарағанда, Қазақстан президентінің арнаулы өкілі "Ауғанстан әкімшілігінің іс басындағы өкілдері Абдол Ғани Барадармен және Әмір Хан Мұттақимен" кездескен. Хабарламада "Талибан" қозғалысының ("Қазақстанда 2005 жылы сот шешімімен террор ұйым ретінде тыйым салынған") аты аталмаған. Қазақстан делегациясының сапары жайлы жазған жергілікті ақпарат агенттіктері де бұл ұйымның атауынан айналып өткен.

"Қазақстанның ауған халқына гуманитарлық көмегі және сауда-экономикалық байланыстар мәселесі талқыланды" дейді ресми хабарда.

Қазақстан делегациясының басшысы кездесуде Қазақстанның Ауғанстанға гуманитарлық көмек ретінде "бес мың тонна ұн беретінін" айтып, Қазақстанның QazVac коронавирус вакцинасын ұсынған.

"Кездесу барысында дәстүрлі сауда-экономикалық байланыстар мен Қазақстанның ауған студенттеріне арналған білім бағдарламасын қалпына келтіруге екі тарап та мүддделі екені сөз болды" дейді Ақорда.

Тәліптердің өкілі Зәбихолла Мұджахид Twitter хабарламасында Қазыхановтың Ауғанстанның "Талибан" қозғалысы тағайындаған Сыртқы істер министрі Әмір Хан Мұттақимен кездескені туралы айтылған.

Мұджахидтің сөзінше, Мұттақи Ауғанстанға гуманитар көмегі үшін Қазақстан делегациясына алғыс айтқан. Мұджахид Мұттақиге сілтей отырып, "Ауғанстан аймақтағы ынтымақтастыққа дайын екенін, Ауғанстандағы бейбітшілік пен тұрақтылық аймаққа тікелей әсер ететінін" атап өткен.

Осы жаңалықтар кезінде әлеуметтік желіде Қазақстан Сыртқы істер министрлігінің баспасөз хатшысы Айбек Смадияровтың автомат ұстаған, "Талибан" қозғалысының мүшелері болуы мүмкін екі адаммен түскен суреті жарияланды. Қазақстан Сыртқы істер министрлігі бұл сурет жөнінде ақпарат таратқан жоқ.

Қазақстан ресми өкілдерінің террор ұйым тізімінде тұрған радикалды қозғалыс өкілдерімен бұған дейін кездескен. 26 қыркүйекте Әмір Хан Мұттақимен Қазақстанның Ауғанстандағы елшісі Әлімхан Есенгелдиев жолыққан. Ол кезде де Қазақстан Сыртқы істер министрлігі "Талибанды" атамай, Мұттақиді Ауғанстан уақытша үкіметінің Сыртқы істер министрі міндетін атқарушы" деп сипаттаған.

Халықаралық қауымдастық тамыз айында Ауғанстанға бақылау орнатқан тәліптер билігін мойындау, мойындамау мәселесінің алдында тұр. Ірі державалар тәліптермен байланыс орнатса да, оның "ресми мойындау емес екенін" ашық айтқан еді.

XS
SM
MD
LG