Ссылки доступа

Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшілері президент сайлауы қарсаңында қоқан-лоқыға ұшырады


Өзбекстанда Озодлик деген атпен белгілі Азаттықтың Өзбек қызметінің тілшілері президент сайлауы қарсаңында қоқан-лоқыға ұшырады.

16 қазанда Озодликтің Телеграм-арнасында небәрі 30 минут ішінде тілшілерге бағытталған қоқан-лоқы сөздер жазылған ондаған хабарлама пайда болды.

Хабарламаны жібергендер "жыныстық зорлық-зомбылық көрсетіп, өлтіреміз" деп тілшілерді қорқытуға тырысқан. Барлық хабарламаның астына төмендегідей жазба қалдырылған: "Озодликтің діттеген мақсаты – Өзбекстанда тәртіпсіздік ұйымдастыру, тыныштықты бұзып, президенттің атына кір келтіру". Онда сонымен бірге Озодлик қызметкерлері мен аналарына бағытталған қорлау сипатындағы жазбалар бар.

Азат Еуропа/Азаттық медиакорпорациясының президенті Джейми Флай қоқан-лоқыны "жиіркенішті" құбылыс деп атап, өзбек үкіметін тәуелсіз БАҚ-ты қорқыту тактикасын жылдам тоқтатуға шақырды.

Жазбалардың басым бөлігі анонимді аккаунттардан келіп түскен. Алайда Озодлик тілшілері кемінде екі жазбаның үкіметке қатысы бар адамның аккаунтынан жіберілгенін анықтады.

Орталық Азияда халқы ең көп (35 млн адам) мемлекетті авторитар басшы Ислам Каримов қазасынан кейін басқарып келе жатқан Шавкат Мирзияев өзін реформатор ретінде көрсетуге тырысады. Ол саяси тұтқындарды босатып, Өзбекстан қақпасын көрші елдер мен сыртқы әлемге ашқан. Бірақ көптеген белсенділер елде реформа үстірт жүргізілді деп санайды.

24 қазанда өтетін президент сайлауы қарсаңында елде блогерлер мен журналистерге қысым үдеген.

Озодлик радиосының сайты Өзбекстанда ұзақ уақыт жабық тұрды. 2005 жылы елде Озодлик радиосы мен британдық BBC сайтының жергілікті қызметінің кеңсесі жабылды. АЕ/АР-дың тілшілерді ресми аккредитациядан өткізу туралы өтініші жауапсыз қалды.

2021 жылы "Шекарасыз тілшілер" ұйымының баспасөз еркіндігі рейтингісінде Өзбекстан 180 елдің арасында 157-орында тұр.

XS
SM
MD
LG