Ссылки доступа

Алматыда полиция алаңнан кемінде үш адамды ұстап алып кетті


23 қазанда күндізгі сағат 12-ден кете бере Алматыда полиция Астана алаңында кемінде үш ер адамды ұстап алып кетті.

Полиция алаңға келушілерді жіті қадағалап тұрды. Саяси ұран айтып, дауыс көтергендерін бірден ұстап әкетіп жатты.

Сәуле Мұхамбетова есімді әйел пікірін айту үшін митингіге төрт жасар баласымен келген. Ол плакат та әзірлеп келген екен. Алайда алаңға жақындаған кезде полицейлерге "тексеруге құқықтарың жоқ" дегеніне қарамастан олар әйелдің заттарын тексерген. Бұдан соң азаматтық киім киген бір ер адам оның плакатын жұлып, қашып кеткен. Полицейлер оған "плакатын тартып алған адамды ұстап беретінін" айтқан.

Жиналғандар өзара халықтың жағдайы нашарлап, жалақының төмендеп кеткенін, азық-түлік бағасының шарықтауын сөз еткен.

Orda.kz сайты саяси тұтқындарды босатуды және жалақы, зейнетақы, жәрдемақыны екі есеге көтеруді талап еткен әйелдердің бірінің сөзінен үзінді келтіреді.

"Халық кедейленіп кетті, ешкім ештеңе айта алмайды. Полиция бізден қорқады, сол үшін құр тұр. Зейнетақыны өсіріп, саяси тұтқындарды босатсын! ҚДТ экстремист емес, біз де экстремист емеспіз. Олардың өздері экстремист" деді ҚДТ белсендісі. Олар митингіге 200 белсендінің келе алмай қалғанын, оларды полиция ұстағанын айтқан.

Аумақта мобильді интернет істемеді.

Бұған дейін қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер Мұхтар Әблязов жақтастарын 23 қазанда осы алаңға жиналуға шақырған еді. Саясаткер жақтастарына әуелі Арбат маңына жиналып, сосын Астана алаңына шерулетіп келуге үндеген. Азаттық тілшісі жарты сағат бұрын Арбатқа барған кезде ол жақта ондаған полицейдің жүргенін, ол жерде де әр жерде адамдардың топтасып шашыраңқы тұрғанын байқаған.

Әблязов осыған дейін митингіде саяси тұтқындарды босату, жалақы, зейнетақы және жәрдемақыны екі есе өсіру талаптары айтылатынын айтқан.

Митинг қарсаңында және өтеді деген күні Қазақстанның түкпір-түкпірінде белсенділер ұсталып, кейбірі полиция бөлімшесіне шақырылды. Үйінен шыға алмай қалған азаматтар да бар.

Әблязов шақырған митинг қарсаңында, 21 қазанда Қазақстан халықтар ассамблеясының жиынында ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев "рұқсатсыз митингіге" шыққандар жазаланатынын ескерткен.

Халықаралық ұйымдар Нұр-Сұлтанды бейбіт митингілерге кедергі жасамауға жиі шақырады, бірақ Қазақстан билігі халықаралық ұйымдардың мәлімдемелерін тек ұсыныс деп санайды.

XS
SM
MD
LG