Ссылки доступа

Оралда Маруа Ескендірова тағы да қамалды. Қалған белсенділер қысымға шағымданды


Орал тұрғыны Маруа Ескендірова сот шешімімен 20 күнге қамалды. Сот оны бір ай бұрынғы акция үшін жауапкершілікке тартты. Белсендінің өзі тағылған айыппен келіспейді және шешімді апелляцияға бермек.

Судья Марат Сейсенғали сот отырысы кезінде Маруа Ескендірованың 25 қыркүйекте "Қазақ халқының аяулы қыздары" ескерткіші маңында сөз сөйлегенін айтты. Бес адам қатысқан акцияны сол кезде билік өкілдері "заңсыз митинг" деп атап, хаттама толтырған болатын.

Оған Әкімшілік кодекстің 488-бап 11-бөлігі ("Бейбіт жиын өткізу тәртібін бұзу") бойынша айып тағылған.

Ескендірова сот отырысы кезінде өзі мен бірнеше белсендінің әкімдікке 23 қазанда Мәншүк Мәметова алаңында бейбіт жиын өткізу туралы хабарлама түсіргенін айтты.

- Бізге жиын өткізуге рұқсат бермеді, сол күні дәл сол уақытта "Жастар жемқорлыққа қарсы" атты шара өтеді деп айтылды. Бүгін жастарды қолдайын деп алаңға бармақ болғанмын. Жолда кетіп бара жатқан кезде мені полицейлер қуып жетіп, қолымды қайырып, автозакқа итеріп отырғызды, – деді Ескендірова сотқа.

Өзге белсенділер де билік ұйымдастырған "жемқорлыққа қарсы" шараға жете алмаған.

Үйінің маңын белгісіз көліктің аңдып жүргеніне шағымданған Орал тұрғыны Сандуғаш Мұхамбетжанованың Азаттыққа айтуынша, ол сенбі күні көшеге шыққан кезде штаттық киімдегі бейтаныс ер адам ізіне түскен.

- Балаларыммен бірге саябақ пен сауда орталығына бардық, маска таққан адам артымыздан қалмады. Бізге тиіскен жоқ, еркін жүрдік. Бірақ күні бойы аңдыды, – деді Мұхамбетжанова.

Ақсай қаласында тұратын белсенді Тілекқабыл Келікбаевтың айтуынша, оппозиция митингісі қарсаңында оны жергілікті полиция бөлімшесіне шақырып, "заңсыз шараға қатысудың салдары" жөнінде ескерткен.

- Оралға барып, митингіге қатыссаң, әкімшілік жауапқа тартыласың – не айыппұл төлейсің не қамаласың деп ескертті, - деді Келібаев Азаттыққа.

Митинг қарсаңында бұған дейін белсенді Амангелді Оразбаев та 20 күнге қамалған. Оны 25 қыркүйекте алаңға барғаны үшін жауапқа тартты. Оразбаев тағылған айыпты түбегейлі жоққа шығарады.

Бұған дейін қуғындағы бұрынғы банкир, оппозициялық саясаткер шетелде тұратын Мұхтар Әблязов жақтастарын 23 қазанда митингіге шығуға шақырған. Митингіде саяси тұтқындарды босату, жалақы, зейнетақы және жәрдемақыны екі есе өсіру талаптары айтылады деп хабарланған.

Митинг қарсаңында және митинг өтеді деген күні Қазақстанның түрлі өңірінде кей азаматтар үйлерінің маңын полицияның торуылдап жүргенін айтты, кейбірі ұсталған, кейбірі бөлімшеге шақыртылған. Ұсталғандар арасында белсенді Әсет Әбішев те бар.

Алматыда Азаттық тілшісі "митинг орнында" кемінде бес адамның ұсталғанына куә болды. Аумақта мобильді интернет өшірілді. Алаңға келгендерге полиция бір жерге жиналуына мүмкіндік бермеді, бірақ соған қарамастан кей белсенділер кейбірі талаптарын айтты.

Шымкентте кемінде екі адам ұсталды. Бірнеше қалада полиция күзеті күшейді.

XS
SM
MD
LG