Ссылки доступа

Саратов облысында жүздеген сотталушы азаптау көргенін айтып шағымданды


Саратов облысы Энгельс қаласындағы №13 түзету колониясында 185 сотталушы азаптау көргенін айтып шағымданды. Олар мекемеге құқық қорғаушылар келгеннен кейін соққыға жығылғанын айтады.

Бұл туралы "Интерфакс" аймақтық қоғамдық бақылау комиссияның төрағасы Денис Соболевқа сілтеме жасап хабарлады.

182 сотталушы хатында колонияда сабалғанын, тағы үшеуі өкпе аурулары аураханасында азаптау көргенін жазған.

Осыған дейін №13 түзету колониясындағы және облыстық өкпе ауруханасындағы 400-дей сотталушы зорлық-зомбылық тап болғанын мәлімдеген. Олардан ақша талап ететіні айтылған.

Тергеу комитеті "мекеме әкімшілігіне көмек көрсеткені үшін өш алу мақсатында" сегіз сотталушы басқа он сотталушыны сабап тастағанын мәлімдеген. Төбелес кезінде колонияның екі қызметкері жәбірленген. Үш қылмыстық іс қозғалған.

Осыған дейін Gulagu.net құқық қорғау ұйымының жетекшісі Владимир Осечкин Саратов түрмелерінде азаптау бар екенін, қолына жасырын видеоархив түскенін мәлімдеген. Ол видеолардың бір бөлігін жариялаған.

Ресейдің Тергеу комитеті интернетте жарияланған видеоға қатысты қылмыстық іс қозғаған. Кейін Саратов облыстық басқарма басшысы, полковник Алексей Федотовтың қызметінен кеткені белгілі болды.

Кейін Ресейдің федералдық қауіпсіздік қызметі мен ішкі істер министрлігі Gulagu.net жобасына түрмедегі азаптау бойынша мәлімет берген Сергей Савельевке іздеу жариялады. Программист қызметтік құпия мәліметтерді жариялады деп айыпталып жатыр. Қазір Савельев Францияда, оған саяси баспана беру мәселесі қарастырылып жатыр.

XS
SM
MD
LG