Ссылки доступа

Өзбекстанда шаруа жалға алған жерді "мемлекет меншігіне өз еркімен өткізуге" мәжбүрлеген


Ташкент облысының Бука ауданындағы шаруалар "жерді мемлекет меншіге өз еркімен беру туралы" арыз жазуға мәжбүрлегенін айтты.

Шаруалардың Озодлик радиосына хабарлауынша, олардың кластерлермен мақта өткізу туралы келісімі барына қарамастан, құқық қорғау органдарының қызметкерлері шаруаларды бір бөлмеге қамап қойып, жерді өткізу туралы арыз жаздырып алған.

Шаруалардың айтуынша, сол арқылы жергілікті билік шаруа жерлерін кластерлерге алып бермек.

Аудандағы отыздан астам шаруа қысыммен осындай арыз жазуға мәжбүр болған.

– Осындай жағдай 17 қазанда болды. Ташкент облысы басшысының орынбасары Ұлықбек Узоков шаруаларды астық қоймасына қамап қойып, оларға: "Қазір бәрің жерді өткізу туралы арыз жазасыңдар", - деді. Жиырма шақты шаруа арыз жазды. Сосын бір жағдайлар болып, Узоков жиналысты үзіп, кетіп қалды", – деді жергілікті шаруалардың бірі.

Тағы бір шаруаның айтуынша, бір аптадан соң аудан басшысы шаруаларға арыз жазғызу ісін жалғастырған.

– 21 қазандағы жағдай. Аудан басшысы Низомиддин Аббосов пен милиция басшысы шаруаларды жергілікті колледж ғимаратына жинап, жергі өз еркімен беру туралы арыз жазғызды. Жер кодексінде жерді жалға алу келісімін сот шешімімен ғана үзуге болады. Бірақ біздің шенеуніктер өзі заң, өзі сот, өзі атқарушы орган болып алған! – деп шағымданды шаруа.

Бука ауданы әкімшілігі жергілікті шаруаларға жерді өткізу туралы арызды мәжбүрлеп жаздырған дегенді жоққа шығарып отыр.

– Жалған мәлімет. Хокимияттардың жер бөлуге, оны алуға құзыреті жоқ. Біздің ауданда ондай болған емес! – деген аудан әкімдігінің өкілі.

XS
SM
MD
LG