Ссылки доступа

Белсенді Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты іс сот қарауына қайта түсті


Қарағанды облысы Атасу кентінде "тапсырыспен өлтірілген" белсенді Ғалы Бақтыбаевтың өліміне қатысты іс қайта қаралады. Бұл ақпаратты Азаттыққа облыстық арнайы мамандандырылған ауданаралық қылмыстық істер соты растады.

Атасудың төрт тұрғыны – бұрынғы полицей, кәсіпкер және бұрын сотталған екі адам қайта сотқа тартылады. Істі жаңадан жасақталған сот алқасы қарайды және куәгерлер, жәбірленушілер, айыпталушылар қайта сұралады. Істі қарайтын судьялардың есімі әлі белгісіз.

Биыл 1 шілдеде сот алқасы Бақтыбаевтың өліміне айыпталған үш адамды – тапсырысты ұйымдастырушы екеуді және тапсырысты орындаушыны ақтаған. Ал төрт айыпталушының екеуін белсендіні ұрды деп ғана айыптаған.

Қазанда Қарағанды облысының соты марқұмның жақыны мен прокуратураның шағымын қарап, ақтау үкімінің күшін жойды. Облыстық сот "істі қараған сот алқасы дұрыс іріктелмеген" деп шешкен.

59 жастағы Бақтыбаев 2019 жылы 28 мамырда Атасуда өз үйінің табалдырығында оққа ұшқан. Содан бері ешкім жазаланбады.

Ол Жаңаарқа ауданына танымал белсенді болған. Көзі тірісінде жұртқа мемлекеттік органдарға арыз, сотқа шағым жазуға көмектесіп жүретін. Белсендінің қазасы қоғамда қызу талқыланып, құқық қорғаушылар оны өлтіргендерді тез арада табуды талап еткен. Тергеу тарапы белсенді "тапсырыспен өлтірілді" деп мәлімдеген.

XS
SM
MD
LG