Ссылки доступа

Полиция Назарбаев зияткерлік мектебі оқушысының өліміне байланысты іс қозғады


Алматы қалалық полиция департаменті Назарбаев зияткерлік мектебінің 8-сынып оқушысының өліміне байланысты "Өзіне қол жұмсауға итермелеу" (105-бап) бабы бойынша іс қозғады.

Алматы қалалық полиция департаментінің хабарлауынша, Бостандық аудандық полиция басқармасы аталған фактіні сотқа дейінгі тергеу амалдарының бірыңғай реестрінде тіркеген.

"Оқиғаның себептері мен жай-жапсары өндіріс барысында анықталады. Сот-медициналық сараптама тағайындалды" делінген Алматы полициясының хабарламасында.

Назарбаев зияткерлік мектебінің әкімшілігі сегізінші сынып оқушысының қаза болғанын растап, оқиғаны "қайғылы жағдай" деп атаған.

"Алматыда химия-биология бағытындағы Назарбаев зияткерлік мектебінің әкімшілігі 27 қазанда сабақтан тыс кезде қайғылы оқиға болғанын растайды. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр. Кәмелетке толмаған баланың мүддесі үшін мектеп қосымша ақпарат бере алмайды" делінген хабарламада.

Дереккөзге сүйенген ҚазТАГ агенттігінің жазуынша, бұған дейін "Гарри Поттер" тақырыбына арналған мектеп кешінде сегізінші сыныпта оқитын ер бала әзілдеп, юбка киген. Бұған кураторы ренжіп, оны күшпен мектеп психологына апарған. Осы оқиғадан кейін оқушының биік ғимараттан секіргені белгілі болған.

XS
SM
MD
LG