Ссылки доступа

Глазгода климаттың жылынуына арналған саммит басталды


Шотландиядағы Глазго қаласында БҰҰ-ның климаттың өзгеруіне арналған халықаралық конференциясы басталды. Саммитке әлемнің 200 елінен 25 мың делегат жиналды. Олар екі апта бойы Жер шарын ғаламдық жылынудан құтқару жолдарын іздейді.

Глазгодағы конференцияның басты мақсаты - Климат жөніндегі Париж келісімін орындау жөнінде алғашқы қорытынды шығару. Париж келісімі 2015 жылы қабылданды. Пандемияға байланысты екі жылға шегерілген саммитте әлем елдері ғаламдық жылыну үдерісін тоқтатуға тырысады.

Конференцияның алғашқы екі күнінде әлемнің экономикасы озық елдері - Жиырмалық тобына мүше елдердің басшылары жеке-жеке кездеседі. Олар Париж келісімінің ережелері қаншалықты орындалғанын пысықтайды.

БҰҰ-ның Дүниежүзілік метеорологиялық ұйымының Глазгодағы саммитке дайындаған баяндамасында 2021 жыл 2015 жылдан бері ең ыстық жыл болатыны айтылған.

Сарапшылар әлемнің ірі державалары ортақ мәмілеге келе алмауы мүмкін деп топшылайды. Қытай, Ресей және Үндістан 2050 жылға қарай жылы газдың атмосфераға таралуын тежеу шарттарына келіспей отыр. Ресей мен Қытай 2060 жылды құптаса, Үндістан әзірге өз ұстанымын жариялаған жоқ.

XS
SM
MD
LG