Ссылки доступа

HRW: "Душанбе Ауғанстандағы дағдарысты өз еліндегі адам құқықтарының бұзылуын елемеу үшін пайдаланады"

Халықаралық Human Rights Watch (HRW) адам құқықтарын қорғау ұйымы Тәжікстандағы адам құқықтарының күрделі жағдайына Душанбенің назар аударын талап етуді БҰҰ мен халықаралық қауымдастықтан сұрады.

Тәжікстан билігі 4 қарашада Женевада БҰҰ адам құқықтары жөніндегі кеңес мүшелері алдында елдегі адам құқықтарының сақталу жағдайы жөнінде есеп береді.

Тәжікстанның "Талибан" қозғалысына қатысты ұстанымы әлем жаңалықтарында жақында жиі айтылды, делінген Human Rights Watch ұйымының 1 қарашадағы мәлімдемесінде. Тәжік билігі тәліптердің билігін мойындамайтынын жариялаған. Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон БҰҰ Бас ассамблеясының сессиясында Ауғанстанда түрлі ұлттар мен ұлыстар өкілдері кіретін инклюзив үкімет құру қажет деп мәлімдеген. Мұндай үкіметте Ауғанстан халқының 46 пайызын құрайтын ауған тәжіктерінің мүддесі де ескерілуі тиіс.

Ұйым мамандарының пікірінше, Тәжікстанның мұндай ұстанымы өз еліндегі адам құқықтарының бұзылуына көз жұма қарауға себеп бола алмайды.

"2015 жылы елдегі жалғыз оппозициялық ұйым - Тәжікстан ислам өркендеу партиясына тыйым салынған соң, Тәжікстан үкіметі жүздеген саяси белсендіні, журналист пен адвокатты түрмеге отырғызды. Душанбе өз бақталастары мен диссиденттерге, сонымен бірге олардың елдегі туыстарына үнемі қысым жасап, тәуелсіз БАҚ-ты шектеп отыр. Түрмелерде адамдардың азапталғаны туралы мәліметтер жиі айтылады", делінген HRW мәлімдемесінде.

Онда Франция президенті Эммануэль Макрон мен Еуропа одағының төрағасы Шарль Мишель жақында Тәжікстан президенті Эмомали Рахмонды қабылдағаны да айтылған. Саясаткерлер аймақ қауіпсіздігі мен Ауғанстандағы жағдайды талқылаған, алайда Рахмон үкіметінің адам құқытарын өрескел бұзып отырғаны туралы мәселені айналып кеткен, дейді адам құқықтарын қорғаушылар.

Халықаралық ұйымдар Тәжікстанда адам құқықтарына қатысты жағдайды үнемі сынап келеді. Душанбе кейде заң бұзылғанын жоққа шығарса, кейде халықаралық ұйымдардың кеңестерін елемеген сыңай танытып жүр.

XS
SM
MD
LG