Ссылки доступа

ЮНИСЕФ ауған мұғалімдерін тәліптер арқылы емес, тікелей қаржыландырады


Ученицы одной из кабульских школ. Архивное фото

БҰҰ-ның балалар қоры (ЮНИСЕФ) Ауғанстандағы мемлекеттік мектептердегі мұғалімдердің бәрін тіркей бастады. Ұйым оларды "Талибан" арқылы емес, тікелей қаржыландыруды көздеп отыр.

Халықаралық қауымдастық "Талибан" қозғалысы құрған уақытша үкіметке көмектесуді доғарды. ЮНИСЕФ-тің Ауғанстандағы бөлімі өкілінің Reuters агенттігіне хабарлауынша, "ұйым билікті қатыстырмай, жалақыны мұғалімдерге тікелей төлейді".

Ауған мұғалімдері тәліптерден мәселені тезірек шешуін бірнеше мәрте сұраған. Айлық төленбесе, қыздардың алтыншы сыныпқа дейінгі мектебі де жабылады.

Соған байланысты ЮНИСЕФ мектептер мен мұғалімдерді тікелей қаржыландыруды көздеп отыр.

Ауғанстанда білім жүйесі тәліптер билікке келген соң дағдарысқа ұшырады. Мұғалімдер төрт айдан бері айлық алмаған. Мемлекеттердің дені тәліптердің уақытша үкіметіне қаржылай көмек беруге тыйым салды, оның үстіне АҚШ пен Еуропа елдері Ауғанстан орталық банкінің шетелдегі активтерін бұғаттады.

"Талибан" қозғалысы Ауғанстанның көптеген аймақтарында қыздардың алтыншыдан жоғары сыныптарын жапты.

15 тамызда тәліптер Кабулды басып алып, үкімет күштеріне қарсы соғыс аяқталғанын жариялады. Сол күні Ауғанстан президенті Ашраф Ғани елден қашты. "Талибанның" қыркүйекте құрған үкіметін әлемнің ешбір елі мойындаған жоқ.

XS
SM
MD
LG