Ссылки доступа

Қытай Қырғызстанға мың тоннадан астам азық-түлік берді


Қытай үкіметі Қырғызстанға көмек ретінде 1150 тонна ұн, 75 тонна қант және 50 тонна соя майын жолдады. 4 қарашада тараптар гуманитарлық көмекті тапсыру-қабылдап алу құжатына қол қойды. Бұл туралы Қырғызстанның төтенше жағдайлар жөніндегі министрлігі хабарлады.

58 контейнерге тиелген азық-түлік қазан айында түсірілген. Гуманитарлық жүк әзірге Бішкектегі материалдық қорда сақталады. Оны пайдалану туралы шешімді үкімет қабылдайды.

2021 жылы Қырғызстанда қуаңшылық болып, шаруалар өнімді аз жинады, жем-шөптің жоқтығынан мал қырылды. Соған байланысты Қырғызстан билігі малды шетелге сатуға тыйым салып, азық-түлік қорын жинауға кірісті.

Қысқа арналған азық-түлік қорын жинауға бюджеттен 1,5 млрд сом бөлінді. Сонымен бірге, үкімет шетелден әкелінетін аса қажетті тауарларды қосылған құн салығынан босатты.

XS
SM
MD
LG