Бұл туралы Азаттық радиосының қырғыз қызметіне "Клооп Медиа" өкілі Эльвира Сұлтанмұратқызы хабарлады. "ОСК рұқсат бермеу себебін сайлау туралы жаңа заң ережесімен түсіндірген. Бірақ біз бұған дейін төрт мәрте сайлауды бақылап, бәрінде де дауыс беру барысында байқаған заң бұзушылықтарды Орталық сайлау комиссиясына хабарладық, әрқайсын тексеруді талап еттік. Тексеру жүргізілмеген жағдайлар туралы жазып жүрдік. Бізге рұқсат бермеуінің себебі осыған байланысты болса керек. Бірақ ОСК бұл жолы Конституцияға қайшы әрекет етіп отыр", - деп түсіндірді портал өкілі.
Қырғызстанның сайлау туралы заңдарында "қызметі сайлау мәселелеріне арналған, ол туралы жарғысында жазылған, үкіметтік емес ұйымдар сайлауға қоғамдық бақылаушы ретінде тіркеле алады" делінген. Бұл туралы "Клооп" сайтында осы тақырыпқа қатысты жарияланған материалда сөз болды.
Басылым заңдағы мұндай ереже 2021 жылғы 5 қыркүйекте ғана пайда болғанын алға тартып отыр.
Еске салайық, Қырғызстанның Орталық сайлау комиссиясы "Клооп Медиа" қоғамдық қорына парламент сайлауын бақылауға рұқсат бермей, бұны ұйым жарғысында сайлауға қатысты қызмет туралы ештеңе айтылмағанымен түсіндірген.