Ссылки доступа

Тәжікстанда милицияның бұрынғы офицерін ұрлық жасады деген күдікпен ұстап, экстремизм айыбымен соттады


Мухриддин Эмомов

Тәжікстан милициясының бұрынғы офицері Мухриддин Эмомов көпшілікті экстремистік әрекетке үндеді деген айыппен алты жылға сотталған. Оның адвокаты Душанбе қалалық сотына кассациялық шағым түсірді.

20 қазанда Душанбедегі Исмоили Сомоони ауданының соты Мухриддин Эмомовты алты жылға соттау туралы үкім шығарды.

Сотталушының туыстарын үкім оқылған уақытта сот залына жібермеді, дейді бұрынғы офицердің анасы Майдаби Худоёрова.

Оның айтуынша, №1 тергеу изоляторындағы сот жылдам әрі жабық өткен. Соттың болатынын Эмомовтың туыстары сол күні ғана естіген. Олар Вахш ауданынан Душанбеге жеткенше сот үкімі жарияланып қойған.

Эмомовтың адвокаты Файзали Мұзаффаров үкім мәтінін өткен аптада алған. "Үкім заңсыз деп есептеймін, сол себепті сот инстанциясына шағымдандым", - дейді ол.

Аудандық соттағылар Эмомовтың кінәсі толық дәлелденген деп отыр. "Мемлекеттік айыптаушы Эмомовты 7,5 жылға бас бостандығынан айыруды сұрады, алайда сот жалпы режимдегі түзеу колониясында алты жыл отыру жазасын белгіледі", дейді Исмоили Сомони ауданы сотындағы дереккөз.

Адвокаттың пікірінше, сот Эмомовтың кінәсін дәлелдейтін айғақ келтірмеген. "Қорғауымдағы азамат соттан ол таратты делінген видеоматериалдарды көрсетуін сұрады, бірақ оның талабы орындалмады. Эмомов тағылған айыптарды мойындаудан бас тартты", деді Файзали Мұзаффаров.

Милицияның бұрынғы офицері Мухриддин Эмомов 2015 жылдан бері Түркияда тұрған. 2020 жылдың басында ол елге оралған. Бұның алдында Тәжікстанның арнайы қызметі экстремистік топқа мүше болу туралы қылмыстық іс рақымшылық заңымен жабылғанын хабарлаған.

Эмомовты былтыр 6 маусымда Вахш ауданында ұстаған. Бұрынғы офицер жергілікті асханада істеген. Қауіпсіздік органының қызметкерлері оны асханада ұрлық жасады деген желеумен ұстап, артынша үстінен қылмыстық іс қозғаған.

XS
SM
MD
LG