Ссылки доступа

Бірнеше мың мигрант Беларусь пен Польша шекарасында тұр


Польша мен Беларусь шекарасындағы Бружи – Кужница өткізу бекетінде қиын жағдай сақталып тұр. Ирактан босқан бірнеше мың мигрант Польша аумағына өтуге талпынып жатыр.

Мигранттар қазір бейтарап жолда тұр. Ондағы қолдан жасалған шатырлардың бәрі бүлінді.

Шекараға Польша премьер-министрі Матеуш Моравецкий мен қорғаныс министрі Мариуш Блашчак келді. Олар шекарашылар алдында сөз сөйлеп, "Польша шекарасын қорғап, тәуелсіздігін сақтап қалу жолында емтихан тапсырып жатыр" деді.

Польша билігі шекарадағы жағдайды әдейі ушықтырып жатыр деп Александр Лукашенконы айыптайды.

Биыл жазда Беларусь арқылы Еуропалық одаққа өткісі келетін мигранттар саны бірден өскен. Енді бұл жағдай 8 қарашада қайта ушығып жатыр. Қазір шамамен 3–4 мың мигрант бар. Тағы 500 мигрант Литва шекарасында тұр.

Ресми Минск болса Варшава халықаралық құқық бойынша, мигранттардың құқығын қорғап, оларға босқын мәртебесін беру мәселесін қарауы қажет деп есептейді.

Еуропалық одақ Польша шекарасындағы жағдайға Беларусь билігін айыптайды. Олар Минскіге қарсы жаңа санкция салмақшы. Польша оппозициясы мен құқық қорғаушылар болса, мигранттар құқығын бұзып жатыр деп Варшаваны сынға алды.

XS
SM
MD
LG