Ссылки доступа

Дариға Назарбаева Азаттық радиосы өкілдерінің "шабуылына ұшырағанын" мәлімдеді


Мәжіліс депутаты Дариға Назарбаева Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың "Қазақстанда орыстілділерге қатысты ксенофобияға куә болдық" деген уәжіне байланысты пікір білдірді.

Бұл жөнінде Zakon.kz сайты хабарлайды. Лавров Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынасы жөніндегі 9 қараша күні "Российская газета" басылымында жарық көрген мақаласында осындай пікір айтқан.

"Ресейдің өзінде де "ксенофобия көрінісі" кездесетінін" айтқан депутат Назарбаева "Тұрмыстағы жекелеген ұлтшылдыққа бола Ресейдің ең жоғары деңгейінен осындай сөздің айтылғанына шын өкінемін. Ондай [оқиға] біздің елде де, өзге мемлекеттерде де болып тұрады. Бұл реакция (Лавров сөзі – ред.) көп қазақстандықты таңқалдырады және көңілін түсіреді" деді ол.

Оның айтуынша, "Қазақстанда жүзден аса ұлт өкілі өмір сүреді, конституцияда орыс тілінің статусы жазылған, орыс тілі мектепте, колледж бен университеттерде оқытылады және миллиондаған қазақстандық орыс айналасынан ешқандай "ксенофобия" көрмейді".

"Сергей Викторович (Лавров – ред.) "кейбір оқиға көп жағдайда сырттағы ақпараттық әдіс-тәсілдің өнімі" деп жазды. Осындай оқиғаларға байланысты Ресейдің ресми реакциясы шетел агенттерінің диверсиялық жұмысы (егер ондай бар болса) мақсатына жеткенін анық көрсетіп отыр" деді Дариға Назарбаева. Депутаттың "шетел агенті" деп нақты кімді меңзегені түсініксіз. Алайда, Ресей билікті сынайтын оппозициялық тұлғаларды, ондаған ақпарат агенттігін "шетел агенті" деп таныған. Оның арасында "Азаттық радиосының" Орыс қызметі – "Радио Свобода" да бар.

Назарбаева Zakon.kz сайтында жарияланған мәлімдемесінде Нұр-Сұлтандағы парламент ғимаратында өзіне осы жөнінде сұрақ қойған Азаттық тілшілерінің атына сын айтты:

"Бүгін таңертең мәжілістің өзге депутаттары, әріптестерім сынды мен де Ресейдің сыртқы істер министрі Сергей Лавровтың "Россия и Казахстан: сотрудничество без границ" мақаласы ішіндегі бір сөзіне жылдам жауап беруді талап еткен АҚШ үкіметі қаржыландыратын Азаттық радиосы өкілдерінің шабуылына ұшырадым".

Лавровтың "ксенофобия" жөніндегі уәжіне байланысты Азаттық журналисі 10 қараша күні парламент ғимаратында депутат Дариға Назарбаевадан пікір сұраған. Сол кезде ол "Жауап керек десеңіздер, маған келіп жазылып, сұрақтарыңызды қойып, сұхбат алуға болады. Бұлай коридорда аузыма микрофон тықпаңыздар" деп кетіп қалған. Тілші сауалды бірнеше мәрте қайталаса да депутат бұрылмаған.

Кейінгі айларда Ресейде Қазақстандағы ұлтаралық қатынастар және орыс халқының жағдайы туралы әртүрлі деңгейдегі талқы күшейген. Олардың көбі негативті сипатқа ие. Кей сарапшылар Ресей айтқан талаптардың саяси астары барын және оның Қазақстандағы орыс халқының құқығын қорғауға еш қатысы жоғын айтады. Нұр-Сұлтанның Ресейде айтылған мәлімдемелерге реакциясы қазақстандықтардың наразылығын туғызған.

Жазда ресейлік бірқатар басылым азаматтық белсенді Қуат Ахметовтің қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткен видеосын "орыстарды жеккөрушілікке" теңеп, артынша Қазақстанда белсендінің үстінен "алауыздық тудыру" бойынша қылмыстық іс қозғалған. Кейін Ахметовтің елден кеткені белгілі болды. Қазақстан президенті әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Дәурен Абаев белсенділердің тілге қатысты әрекетін "жабайы ұлтшылдық" деп атаған. Оның мәлімдемесі де қоғамда қатаң сынға ұшырады.

XS
SM
MD
LG