Ссылки доступа

Қырғызстанда студенттерді үгіт-насихат ісіне тартқаны үшін ЖОО ректоры қызметінен алынды


Қырғызстанда сайлауалды кампаниясы кезінде заң бұзғаны үшін бірқатар басшылар қызметінен алынып, енді кейбіріне ескерту жасалды.

Бұл жолы үкімет басшысы Ақылбек Жапаров Ош мемлекеттік университетінің ректоры Құдайберді Қожабековті, осы оқу орнының педагогика факультетінің деканы Бақытбек Мұратбаевты және үш оқытушыны қызметінен алды.

Бұдан бөлек білім және ғылым министрі Болотбек Купешев пен Ош әкімі Алмаз Мамбетовке сөгіс жариялады.

Сонымен бірге Лейлек ауданы әкімі мен Исфан қаласының әкімі уақытша қызметінен аластаған.

Өткен аптада Ош университетінің оқытушылары "Азаттық" партиясының орталық алаңда өткен кездесуіне студенттерді алып барған. Бұл дәйек бойынша құқық қорғау органдары тергеу жүргізіп, үгіт-насихат жұмысына студенттерді тартқанын анықтаған.

Бұл оқиға қоғамда қызу талқыға түсіп жатыр. Біразы университет ректорын қызметінен алып, тым қатаң жазалады деп есептейді. Тіптен Жогорку Кеңештің екі депутаты президентке өтініш жасап, ректорға қатысты істі қайта қарауын сұраған. Ошта оқытушыларды қолдау акциясы өтті.

Қырғызстанда парламент сайлауы алдындағы үгіт-насихат жұмысы 29 қазанда басталды. 10 қарашадағы мәлімет бойынша, Орталық сайлау комиссиясы заң бұзылды делінген 61 шағымды тіркеген.

Парламент сайлауы 28 қарашада өтеді.

XS
SM
MD
LG